Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына 2 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына 2 жыл толды

11.06.2021

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылғанына екі жыл толды. Осы уақыт ішінде кеңес мүшелері 5 рет бас қосып, көптеген мәселелердің шешілуіне, тіпті, саяси реформалардың жүзеге асуына күш салды. Ал, бүгін атқарылған жұмыстар тағы бір талқыланды.

Ұлттық кеңес президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың механизмі болды. Кеңес құрамына қоғамдағы белсенді азаматтар кіріп, елді толғандырған тақырыптарды көтерді. Пандемия кезінде де жиындар тұрақты түрде өтті. Соның нәтижесінде 17 заң мен 3 Президент Жарлығы, 29 Үкімет қаулысы мен министрлердің 40-тан астам бұйрығы шыққан.

Ерлан Қарин, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы:
Бір ғана саяси реформалар бағытында 10 заң қабылданды. Өздеріңіз білесіздер Президенттің жарияланған саяси бастамалары үш пакетке топтастырылған. Қазіргі уақытта осы саяи реформаарыдң бірінші пакеті толық орындалды. Және екінші, үшінші пакеттер жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістер. Партиялардың Парламентке өтуі 7-ден 5 пайызға төмендесе, әйелдер мен жастарға 30 пайыздық жеңілдік берілді. Жер мәселесі де кеңесте қызу талқыланды. Ал, бейбіт жиындар туралы заң қоғамды конструктивті арнаға бұрды,-дейді сарапшылар. Бұл елде саяси плюрализмнің дамуына мүмкіндік берді. Алдағы мақсаттарды саралаған кеңес мүшелері тұтынушылар құқығын қорғау жайына кеңінен тоқталды.

Бұл жұмыстар Ұлттық кеңес қоғам мен мемлекет арасында қарым-қатынастың жаңа принципті формасы қалыптасқанын көрсетеді,-дейді сарапшылар. Келешекте аймақтардағы қоғамдық кеңес мүшелерінің басын қосу жоспарланып отыр. Осылайша, жергілікті мәселелерге де назар аударылмақ.

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу