Батыс Қазақстанда шекарадан киік мүйізін алып өтпекші болған Өзбекстан азаматы ұсталды. 1970 жылы туған ер адамның қол сөмкесінен 148 дана мүйіз тәркіленді. Оқиға күндіз Қазақстан-Ресей шекарасының «Сырым-Авто» бекетінде болған.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Айта кетейік, өңірде бөкенді мүйізі үшін өлтіру оқиғасы тыйылмай тұр. Соңғы екі жылда заңсыз аң аулаушылар мемлекетке 1 млрд-тан астам теңге залал келтірді.
Болатбек Белгібеков, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
Аталған факті бойынша Бәйтерек ауданының Приурал полиция бөлімі Қазақстан Республикасы ҚК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Заңсыз киік аулау, жануарлардың мүйізін айналымға шығаруға жол бермеу үшін қазір облыс аумағында 1-30 сәуір аралығында «Ақбөкен» алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ