Сауда министрі картоптың неге қымбаттағанын түсіндірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауда министрі картоптың неге қымбаттағанын түсіндірді

10.06.2021

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 6,3 пайызға өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі айтты. Әсіресе, құны маусым сайын құбылып тұратын көкөністер, импортқа тәуелді және сыртқы нарықта сұранысқа ие тауарлар қымбаттаған. 

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Әсіресе, Түркістан облысында 9,4, Нұр-Сұлтанда 8,5, және Алматы қаласында 6 пайызға өскен әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы. Ал Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында қымбатшылық аса байқалмаған. Бақыт Сұлтановтың мәліметі бойынша, соңғы 1 жылда баға бүкіл әлем бойынша өскен. БҰҰ 12 ай ішінде баға 40 пайызға қымбаттады деген ақпарат таратқан. Бұл рекордтық көрсеткіш деді ол.

Мәселен, бізде картоп күрт қымбаттаған. Кей аймақтарда ол 500 теңгенің шамасында сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қымбатшылық алып-сатарлардың кесірінен болып жатыр деп түсіндірген. Ал Бақыт Сұлтанов өңірлердегі тұрақтандыру қорында азық-түлік жеткіліксіз екенін соның кесірінен баға өсіп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, тұрақтандыру қорында азық түліктің кей түрі таусылып қалған.

Жалпы, біздегі картоп өндірісі ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алады. Тек басым бөлігі импортқа кетеді. Былтыр да тура осындай жағдай болғанда тауарды шекара сыртына сатуға тыйым салынып, ішкі нарық реттеліп қалған. Көбінесе өндірушілеріміз тауарды арзан бағамен экспортқа аттандырады. Кейін іштегі қор таусылған кезде өзіміз қымбатқа импорттауға мәжбүр боламыз. Бұған жергілікті әкімдіктер де кінәлі. Олар өңірдегі өндірушілер мен кәсіпкерлерді алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп, қалғанын сыртқа сатуға көндірулері тиіс еді. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Сондықтан Бақыт Сұлтанов барлық өңірде тез арада қайта есептеу жүргізіп, әкімдіктер министрліктермен бірлесе отырып, жұмыс істеу қажеттігін айтты. Сонда ғана бағаны тұрақтандыруға болады. 


Хабарламаларға жазылу