Шығыс Қазақстанда тозығы жеткен дамбы қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда тозығы жеткен дамбы қауіп төндіріп тұр

09.06.2021

Шығыс Қазақстандағы Тұғыл ауылында өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған дамбы ауылға қауіп төндіріп тұр. Бөгеттің қабырғасы опырылып, су шая бастаған. Тұрғындар дамбы бұзылса, Зайсан көлінің асау толқыны ауылды шаяды-деп дабыл қаққалы қашан. Бірақ, жергілікті билік мәселені білгенмен, ешқандай әрекет етпей отыр-дейді жұртшылық. Өңірден Ержан Жақыптың материалы.

Ержан Жақып, тілші: 
Дамбының қазіргі жағдайы осындай. Соңғы 4-5 жылда бөгет өстіп бұзыла бастаған. Тұрғындар мұны дер кезінде жөндемесе ауылды су басып кете ме деп үрейленіп отыр.

Халықтың қорқатын жөні бар. Өйткені көрші Күршім ауданындағы Ақсуат ауылында үйлерді көлдің толқыны шайып үлгерген. Ал мына дамбы құласа, көл суы еңісте тұрған елді мекенді басады-дейді халық.

Ермек Жұмағалиев, Тұғыл ауылының тұрғыны: 
Құласа ең бірінші қауіп ауылға ғой. Су өссе, жағаны шайса. Халық айтып та жатыр, жазып та жатыр. Бірақ аяқсыз қалып жатыр.
Қонысбек Райымбек, Тұғыл ауылының тұрғыны: 
Астына су кетіп, астындағы топырақтар шайылып мына үстіндегі темір бетондар құлап жатыр. Иесіз жатқанмен бірдей болып тұр ғой.

Дамбыға шынымен 90 жылдардан кейін, ешкім иелік етпеген. Ал аудандық әкімшілік, бөгетті облыстағы мекемелердің бірінің балансына беруді енді ғана қарастырып жатырмыз-деген жауап айтты.

Мейіржан Сахариев, Тарбағатай аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы: 
Ол бойынша біз облыстық қаржы басқармасына хат жолдағанбыз. Сол кісілердің жауабын тосып отырмыз. 

Дамбы салынғанына 60 жылдан астам уақыт өтсе де бір рет те жөндеу көрмеген. Су астындағы бөлігінің өзі қаншалықты бүлінгені де белгісіз. Өйткені, оны анықтау үшін арнайы сараптама жасалуы керек. Әзірге иесіз жатқан бөгет Зайсанның асау толқынынан Тұғыл ауылын қорғап тұр. Бірақ, қашанға дейін шыдас берері беймәлім.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу