Бюджет қаржысын тиімді игермегендер жауапқа тартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджет қаржысын тиімді игермегендер жауапқа тартылады

09.06.2021

Былтыр пандемия уақытында медициналық қызметтің сапасын жақсартуға мемлекет бюджетінен 1,6 трлн теңге ақша жұмсалған. Одан бөлек, міндетті сақтандыру мен мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге бөлінетін қаржы 5 есе артқан. Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар осы қаржының есебін Алексей Цойдан сұрады. Мәжіліс төрағасы министрге қағаз жүзінде берілген есепке иланбай аудандық ауруханаларды аралап, жағдайды өз көзіңізбен көріңіз деген кеңес айтты. Отырыстағы өзге де мәселелерді тілшіміз жеткізсін.

Былтыр карантиннің кесірінен қазынадан қайыр сұрау көбейген. Сөйтіп ұлттық қорға түскен қаржының 96 пайызы қайта жұмсалған. Тіпті қорға жетпей тікелей бюджетке аударылған жағдайлар да болды. Палата төрағасы қордан да, сырттан да қарызға ақша сұрауды доғарып, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін нақты шараларды қолға алуды тапсырды.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
Бюджет тапшылығы 2 трлн 185 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 3,1 проценті болды. Мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалып отыр.

Алайда есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Мемлекеттік борыштың өте жылдам өсіп жатқандығын айтты. Қарыз жалпы ішкі өнімнің 29,4 пайызына теңескен. Ал елімізде оны 27 пайыздан асырмау көзделген. Ал министрлердің берген есебінде мін жоқ. Әр тиынды тиімді жұмсадық дегенді қағаздан қатесіз оқып берді.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Үкіметтің, ұлттық банктің айтып отырған пайыздары дұрыс шығар. Бірақ та осы экономиканың өскенін халық көру керек, халық сезу керек. Қалай сезу керек? Азық-түліктің бағасы арзандау керек, коммуналдық қызметтің бағасы төмен болуы керек. Халықтың өмір сапасы жоғары болуы керек. Сонда ғана осы пайыздарды халық қабылдайды. Елбасы да Мемлекет басшысы да әрқашан да үкіметтің алдына осындай міндет қойып отыр. Олай болмаса сіздердің пайыздарыңыз қағаздағы жай ғана сандар болып қалады.

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуында да олқылықтар көп. Оның себебі д жұмыс нәтиже үшін емес, есеп беру үшін атқарылады дейді парламент өкілдері.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 239 мың адам жұмысқа орналасқан. Ол дұрыс. Бірақ та оның ішінде 10 мың азамат қана тұрақты жұмысқа ие болған. Ол бар жоғы 4,5 пайыз ғана. Басқалары уақытша жұмыс істейді. Әйтеуір екі қолға бір күрек деп уақытша жұмысқа алып барамыз. Бірақ та оны тұрақты шешім деп айтуға болмайды. Себебі қалған уақытта мысалы күзде, қыста не істейді? Ол кезде де жұмыс істеу керек. Ол кезде де отбасын асырау керек. Халықты тұрақты, тиімді, сапалы еңбекпен қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыс есеп беру үшін емес баяндама жасау үшін емес шын мәнінде халықтың жағдайын жақсарту үшін қажет.

Қазір ұлттық қордан немесе сырттан қарыз алып, кейін игере алмай қалған органның бірінші басшыларын жауапқа тартатын заң жобасы әзірленіп жатыр. Сол кезде бюджетке қолқа салмас бұрын қолдарыңыздан не келетінін екшеп алатын болсасыздар деп ескертті Мәжіліс төрағасы.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу