Еліміздегі ғалымдар термоядролық реактор құрылысына үлес қосып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі ғалымдар термоядролық реактор құрылысына үлес қосып жатыр

09.06.2021

Еліміз алдағы жылдары термоядролық энергетика өндіруге үлес қосатын мемлекеттердің қатарына енеді. Отандық ғалымдар бірнеше жылдан бері осы салада жемісті еңбек етіп келе жатыр. Қазір Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта қазақстандық материалтану Токомагі жұмыс істеп тұр. Онда зерттеу және сынақ жұмыстары сәтті жүргізілуде.

Токомак құрылғысы термоядролық энергетика реакторларын жасауда материалтану үшін қажет. Елімізде бұл қондырғыны құру Елбасының ұсынысымен 1998 жылы қолға алынған. Бүгінде отандық ғалымдардың жетістігін әлем елдері жоғары бағалап отыр. Токамак 2017,2020 жылдары физикалық сынақтан өткен. Қазір онда зерттеулер жалғасып жатыр.

Бауыржан Шектібаев, Ұлттық ядролық орталық термоядролық зерттеулер бөлімінің бастығы: 
2023 жылы біз қондырғыны тиісті параметрлерге дейін жеткізіп, плазма тоғын 750 мың амперге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Максималды температураны 10 миллион градус цельсиге дейін апарамыз.

 Ғалымдар болашақта осынадай тәжірибелерді өткізу арқылы термоядролық энергия өндіреміз деп отыр. Ол үшін, әлемнің 10 елі келісім шарт негізінде термоядролық реактор құрылысын жүргізіп жатыр. Қазақстан болса Токамак қондырғысындағы зерттеулер арқылы, өз үлесін қосуда.

Арман Миниязов,  материалдарды сынақтан өткізу зертханасының бастығы: 
Ғылыми жұмыстарымыз әрі қарай да сәтті іске аса бастаса, Қазақстан ел қатарлы заманауи, жасыл энергетика өндіретіндердің қатарында болады.

Әзірге әлем бойынша термоядролық реактор жасалған жоқ. Болашақта адамзат баламалы энергияға тәуелді болады. Қажет қуатты реакторлардан ала бастайды,-дейді ғалымдар. Сондықтан дамыған мемелкеттер алдын ала қамданып жатыр. Бұл бағытта еліміздің Ұлттық ядролық орталығы мамандарының да жетістігі дүниежүзі бойынша жоғары бағаланып отыр. 

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу