Түркістан облысында 9-шы сынып оқушысы мемлекеттік емтихан тапсырып келген соң, өз- өзіне қол салған. Бақилық болған қыздың ата-анасы перзентінің өліміне қысым көрсетті деп мектеп директорын кінәлайды. Қазір Ордабасы ауданындағы білім ошағында тергеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар мен мұғалімдерден жауаптар алынуда.
Алты күн бұрын қаршадай қызы Эльвирадан айырылып қалған Айман Қанайқызы әлі күнге көз жасын тыя алар емес. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін төрт баланың анасы қызының сынып жетекшісі болған. Сол күні емтихан тапсыруға барғанда еш уайым болған жоқ деп отыр. Бірақ емтихан тапсырып шыққан қызы көңілсіз күйде оралған. Эльвираның не себепті өз өмірін қиғанын кейін көңіл айтып келген сыныптастарынан естіген.
Айман Қанайқызы, марқұмның анасы:Бастан аяқ осы директор жанында болып, екі метр жерде отырыпты, қадалыпты. Жаздырмапты, черновигін алып қойған. Қызымның намысына тиіп, қысым көрсеткені ол айдан анық.
Сабақты кілең беске оқитындықтан Эльвира үздікке үміттілер қатарында болған. Онда да қызының рұқсатын алған. Алайда емтиханнан төрт алып қалуы өлімге әкеп соғады деп ешкім ойламаған.
Ақылбек Тәліпбаев, марқұмның әкесі:Ағасы соңғы рет сөйлескенде «директордан сәл қысым болды. Сәл күдік болып тұр, қиындау болды. Директор басымда тұрып алды. Қағазымды алып қойды» деген. Менің талап ететінім, қыз баласын осындай жағдайға жеткізгеніне әділдікті жеткізуін сұранамын.
Сол күні сынаққа бірге кірген сыныптастары да, алгебрадан емтихан алған мұғалімі де жақ ашпады. Тек мектеп директоры балаға қысым көрстпедім деп ақталды.
Айсара Ізтаева, мектеп директоры:Енді біз бәріміз бүртүрлі жағдайда қалдық бұл жағдайды естігеннен кейін. Ауыр жағдай. Ол жазылған нәрсенің бәрі жала. Мен ол қызбен артық сөйлеген жоқпын, артық ол жерге барған жоқпын. Емтихан тапсыру барысында ол қызды көрдім, ары қарай мен ол қызды көрген жоқпын.
Қазір осы оқиғаға орай құзырлы орындар комиссияы құрып, жұмыс істеп жатыр.
Әлібек Кенжебаев, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бөлім басшысы: Жалпы мектептің жағдайы бүгінге дейінгі, моральдық психологиялық жағдай, жағдайдың неден туындағанын, соның бәрін қортындысымен айтамыз.
Полиция департаменті «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер оқиға болған күннен бері ата-аналар мен оқушылардан және мектеп ұжымынан жаппай жауап алуда.
Айнұр Ақбаева