Шығысқазақстандық кәсіпкерлер жергілікті биліктің жұмысын сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығысқазақстандық кәсіпкерлер жергілікті биліктің жұмысын сынға алды

08.06.2021

Шығыс Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу жүйесін жемқорлық жайлап алған. Өңірдегі кәсіпкерлер осы саладағы заңбұзушылықтарға тосқауыл қойып, тендерді әділетсіз өткізуді әдетке айналдырған билік өкілдерін жауапкершілікке тартуды талап етуде. Өз ойын ашық айтқан бизнесмендер қатарында мәслихат депуттаттары да бар.

Шығыстағы белгілі кәсіпкер Ержан Сқақов облыстық әкімдік өкілдері қойған шартпен келіспеген. Содан бері компаниясы тендерден негізсіз шеттетіліп жүр деп санайды. Жалпы, соңғы жылдары өңірде мемлекеттік сатып алуға қатысты дау өршіп келеді.

Рафаиль Хазипов, кәсіпкер:
Тендерлер облыстық әкімдікке жақын жүретін адамдарға ғана берілетіні дұрыс емес. Ал бұл туралы ашық айтқандарға қатысты қылмыстық іс қозғау деген оларды қорлау деп білемін.

Журналистер алдына Семейдегі радиологиялық орталыққа диагностикалық қондырғаларды жеткізуге жауапты компания басшылығы да шықты. Олар соңғы 6-7 жылдан бері атқарған жұмыстары үшін 2,5 миллиард теңгені ала алмай жүр. Сотта да жеңіп шыққан, бірақ нәтиже жоқ.

Бахтияр Сәпиев, «Медтехника» АҚ бас директорының міндетін атқарушы:
Бар нәрсеге қайтадан, екінші рет ақша бөлінген, 6.5 миллиард теңге. Ол не себептен бөлінген? Неліктен осы күнге дейін жаңағы нысан бітпеген. Ақша қайда кетті, біздің ақшамыз қайда? Сұрақ өте көп.

Өткен жылы Өскемендегі бизнесмендер тендерге қатысты шағым айтқан. Биыл Семейдегі бір топ кәсіпкер облыс әкімінің жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді. Олардың арасында мәслихат депутаттары да бар. Ал облыстық әкімдік өкілдері әрбір даулы мәселе сотта қаралуы керек деген пікірде.

Ермак Салимов, облыс әкімінің кеңесшісі:
Мәселені тек заң бойынша шешу керек. Заң бар, сот бар. Сотқа бару керек. Тек қана айғай шу шығарған дұрыс емес.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті билікке қарсы шыққан адамдың бәріне қысым көрсетіледі. Сондықтан, көбі өз пікірлерін ашық айтуға бата алмайды. Дегенмен, бұл жолғы жиынға аудандағы азаматтар да онлайн форматта қосылып, әділетсіз өткен тендерлер туралы бүкпесіз айтты.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу