Көкшетаудағы үйлерді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаудағы үйлерді су басты

02.04.2019

Қылшақты өзені арнасынан тасыды. Көкшетауда 5 үйді су басып, 20 шақты ғимараттың ауласын алып қалған. Жертөлеге су жиналған көпқабатты баспаналар да бар. Cу деңгейі түнде шаһардағы №12 мектеп маңындағы көпірден асты. Тасқын судың құрсауында негізінен Вернадский көшелеріндегі жер үйлер қалған. 16 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Сондай-ақ, туыстарында тұрақтағандар бар. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеп, өзен арнасына түскен. Төтенше жағдайдың басты себебі - Кенесары қоймасынан келген легтің күшті болуы. Естеріңізге сала кетейік, 31 наурызда Кенесары қоймасының бөгеті бұзылған еді. Мамандардың айтуынша, апат көлемі әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін еді. Оның алдын алуға дер кезінде атқарылған жұмыстар сеп болыпты. Бір тәулікте Қылшақты өзені арқылы Қопа көліне 2 миллион текше метр су келген.

Сергей Никулин, қала тұрғыны:

- Түнгі 00:00 шамасында су басты. Үйде отырғанбыз, көршілердің айқайын естіп, далаға шықтық. Су жылдам көтеріліпті. Үйден ештеңе де алып шығуға мүмкіндік болмады. Осы жерде 2007 жылдан бері тұрамын. Мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Қазір, міне, баспанама кіре алмай жүрмін. 

Алексей Советов, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Ивановка су қоймасы Көкшетау қаласын құтқарып қалды деуге болады. Кенесары қоймасынан келген судың басым бөлігін осы жерде тоқтаттық. Бөгетті нығыздап, жоғарылаттық. Қазір су деңгейі шамамен 1 метрге төмендеді. Өзен арнасына түсті.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу