Қостанай облысындағы карьерден құм өндірілмейтін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысындағы карьерден құм өндірілмейтін болды

07.06.2021

Қостанай облысындағы Заречный ауылының іргесіндегі дау болған карьерден құм өндірілмейтін болды. Естеріңізге сала кетейік, 2016-шы жылы Заречный ауылының жанынан сібір жарасы көмілген жер анықталған. Осыған байланысты санитарлық аумакқа кіретін шеткері үйлерге инфрқұрылым жүргізуге тыйым салынған еді. Яғни жұрт газсыз, сусыз жолсыз қалды. Соған қарамастан 2020-шы жылы ауыл іргесінен жеке кәсіпкерге құм өндіруге лицензия берілді. Тұрғындар бұған қарсы шыққасын құм өндіру уақытша тоқтаған. Ал көптің сөзін сөйлеген Қостанай ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Рустам Садықов 5 жарым жылға сотталып кетті.

Гүлжанат Керібаева, табиғат ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары: 
Қазір ол жерден құм өндіріліп жатқан жоқ. Серіктестік басшысы сол орыннан құм өндірудің экономикалық жағынан тиімсіздігін әрі тұрғындардың наразылығын ескеріп, өзіне берілген лицензиядан бас тарту туралы бізге хат жолдады. Жалпы бұл лицензияның бастапқыда берілуі қаншалық заңды екендігі қазір Қостанай қалалық сотында қаралып жатыр.

Сондай-ақ жуырда санитарлық аумаққа кіретін шеткі үйлерге газ құбырлары тартыла бастаған. Алайда ауыл, аудан әкімдігіндегілер бұл жұмыстың қалай жүзеге асып жатқаны, қаншалықты заңды екендігі туралы тіс жармай отыр.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу