Трамп Қытайдан пандемия үшін 10 трлн доллар талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп Қытайдан пандемия үшін 10 трлн доллар талап етті

07.06.2021

Қытайда «Синовак» вакцинасын 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға салуға рұқсат берілді. Ал, Израильде АҚШ-та жасалған Pfizer екпесі кейбір ер адамдардың жүрегін қабындырса да 12 мен 15-тің арасындағы жасөспірімдерге егіле бастады. Дегенмен, коронавирусты толық жою мүмкін емес екен. Онымен бірге өмір сүруге дағдылануымыз керек.

Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі, доктор Дэвид Набарро Британияның «Скай Ньюс» телекомпаниясына берген сұқбатында мәлімдеді. Оның ойынша, бұл инфекцияны вакцина мен дәрі-дәрмектің күшімен жоюға үміттену қажет емес. Тағы бір сөзінде ғалым келешекте жаңа штаммдар пайда болып, вирус ошақтарында әлі талай рет ауру өршитінін атап өтті.

Ал, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп көптен бері алғаш рет жақтастарымен кездесіп, Қытайды пандемия үшін өзге елдерге 10 триллион доллар төлеуге шақырды. Ол Ақ үйде отырғанда да «ковидті» «қытайлық вирус» деп атағаны белгілі. Құрама Штаттардың қазіргі басшысы да мамырдың соңында барлаушыларға «коронавирус Уханьдағы зертханадан қашып кетті» деген версияны тергеуді тапсырды.

Ал, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон алдағы жұмада осы елде ашылатын «Үлкен жетілік» саммитінде әлем жұртшылығын 2022 жылдың соңына дейін вакциналау туралы өтініш жасамақ.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің соңғы мәліметіне қарағанда, планетада коронавирусты 173 миллиондай адам жұқтырып, 3,7 миллионы қайтыс болса, екпе салдырғандардың саны 2 миллиардтан асып кеткен.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу