Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп барады. Мәселен, жыл басынан мас жүргізушілердің кесірінен 149 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам қайтыс болды. 8,5 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматыда аялдамада тұрған 3 адамды көлік қағып кетті. Көлік тізгінінде болған азаматтың ішімдік ішіп, есірткі қолданғаны белгілі болды. Түрлі жарақат алған жәбірленушілердің екеуі облыстық стационарға жеткізілсе, біреуі №7 қалалық клиникалық ауруханада жатыр. Дәрігерлер зардап шегушінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатқанын айтады. Аталған дерек бойынша тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қарағанды облысында 14 жастағы бала мотоциклмен жол апатына түсіп қайтыс болды. Жезқазған-Қарағанды тас жолында жасөспірім тіхгіндеген «Восход» мотоциклі мен Toyota Camry көлігі соқтығысқан. Жеткіншектің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ал, Екібастұз қаласында 12 жасар қыз баланы көлік қағып кетті. Жасөспірім жүргінші жолағынан өтіп бара жатқан. Ауыр дене жарақатын алған бала жансақтау бөлімінде жатыр. 45 жастағы көлік жүргізушісі ұсталды
Арқалық қаласында 13 жасар ұлына көлік тізгіндетіп, полициядан қашқан азамат әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен кешірім сұрады.
Осыдан біренше күн бұрын ішімдік ішкен 35 жастағы ер адам баласын қылмысқа итермелеп, қуғыннан сытылып кетуге тырысқан болатын. Олар мінген жол талғамайтын көлікті полиция ақыры артқы дөңгелегіне оқ атып тоқтатқан еді. Баланың әкесі бұған дейін де заң бұзып, ішімдік ішіп көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айрылыпты. Енді оның үстінен бірнеше бап бойынша іс қозғалды.
Дарын Сағитов, тілші:
Ал елордада түске таман 73 жастағы әйел адамды автобус жүргізушісі қағып кетті. Зейнеткер Шоқан Уәлиханов көшесін белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Жаяу жүргінші оқиға орнында мерт болды. Полицейлер жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал жүргізушелрді аса абай болуға шақырады.
Биыл қаңтардан бастап елімізде көлікті мас күйінде жүргізетіндерге жауапкершілік күшейтілді. Жүргізу құқығынан айырыла тұрып, мас күйінде көлік басқарғандар енді 5 жылға дейін сотталады. Жол-көлік оқиғасы кезінде адам денсаулығына зиян келтіргендер 8 жыл, адам өлімі тіркелсе 10 жылға дейін жаза арқалайды. Бұл жағдайларда азамат көлік басқару құқұғынан өмір бақи айырылады. Сондай-ақ, ішімдік ішіп рөлге отырғандар жүргізу құқығынан 7 жылға айырылып, 15 тәулікке қамалады.
Дарын Сағитов