ДДСҰ: Коронавирусты толық жою мүмкін емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДДСҰ: Коронавирусты толық жою мүмкін емес

07.06.2021

Коронавирусты толық жою мүмкін емес. Онымен бірге өмір сүруге дағдылануымыз керек. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі, доктор Дэвид Набарро мәлімдеді. Оның ойынша, бұл инфекцияны екпе, дәрі-дәрмектің күшімен жою мүмкін емес. Ғалым келешекте жаңа штаммдар пайда болып, вирус әлі талай рет өршитінін атап өтті.

Ал, АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп көптен бері алғаш рет жақтастарымен кездесіп, Қытайды пандемия үшін өзге елдерге 10 триллион доллар төлеуге шақырды. Ол Ақ үйде отырғанда да ковидті «қытайлық вирус» деп атаған. Құрама Штаттардың қазіргі басшысы да мамырдың соңында барлаушыларға «коронавирус Уханьдағы зертханадан тарады» деген нұсқаны тергеуді тапсырды.

Ал, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон алдағы жұмада осы елде ашылатын «Үлкен жетілік» саммитінде әлем жұртшылығын 2022 жылдың соңына дейін вакциналау туралы өтініш жасамақ. АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне қарағанда, әлемде коронавирусты 173 миллиондай адам жұқтырып, 3,7 миллионы қайтыс болса, екпе салдырғандардың саны 2 миллиардтан асқан.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу