Елорда тұрғындары көп қабатты үйлердің астында орналасқан көлік жуу орталығының жұмысына қарсы. Себебі, тұрғын үйдің қабырғалары ылғалданып, көгере бастаған. Тіпті кей пәтерде құрт құмырсқа қаптап кеткен. Ал келіп кететін көліктің санында есеп жоқ. Бәрінен бұрын ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне қатты алаңдайды.
Үй астындағы автотұрақтың қабырғалары ылғалдан көгеріп кеткен. Кей жерлері үгітіліп құлап жатыр. Бұл сол Жағалаудағы қамал 2 тұрғын үй кешені. Тілшілер келді дегенді естіген тұрғындар шағымдарын жаудырып қоя берді.
Майра Есенбаева, қала тұрғыны:
5-6 жылдасын бұл үйдің кірпіштері, салған нелері не болады? Үгітіле бастайды ғой. Сондықтан біз шырылдап осы үйді сатып алған тұрғындар осыменен алысып жатқанымыз сол.
Ал жауын жауса бұл орталықтың жұмысы тіпті қызады. Ұзын-сонар кезек, қаптаған көлік. Үй алаңында ойнап жүрген балаларымызды қағып кете ме деп қорқамыз, - дейді тұрғындар.
Арслан Жұмашев, қала тұрғыны:
Жүргізуші ретінде мені бұл жердегі көліктің саны алаңдатады. Кей кездері үйімізге жете алмай қиналып қаламыз. Өзі тар жолда ұзынсонар кезек қалыптасады.
Алина Абдишева, қала тұрғыны:
Бұл көлік жуу орталығын тұрғындардың рұқсатынсыз ашты. Сауалнама да жүргізілген жоқ. 3 жылдан бері күресіп келе жатырмыз. Нәтиже жоқ.
Тұрғындардың назын әкімдікке жеткіздік. Олар үй астынан көлік жуу орталығын ашу үшін міндетті түрде сол ғимаратта тұратын адамдардың келісімі болуы керектігін айтады.
Нұрлыбек Сейітжапаров, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
Кәсіпкерлер тұрғын үй кешенінде автожуу ашу үшін кемінде тұрғындардың үштен екі бөлігінен рұқсатын алуы керек. Қарсы емеспін деп.
Ескеретін тағы бір жайт, кез келген автотұрақты кәсіпкерлік нысанға айналдыруға да болмайды. Ол үшін құрылыс кезінде қауіпсіздіктің барлық талаптары ескеріліп, коммуникация жүргізілуі шарт. Ал орталық иесі заңды түрде жұмыс істеп отырмыз деп ақталды.
Марат Нуриаменов, көлік жуу орталығының әкімшісі:
Бұл ғимаратты салып жатқан кезде дәл осы жерде көлік жуу орталығын ашу жоспарланған. Құрылысшы компания барлық коммуникацияларды жүргізіп қойды. Барлық құжаттарымыз да бар.
Мәселені санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне де жеткіздік. Олар қазір кәсіпкерлерді тексеруге мораторий бар екенін алға тартты. Әрі негізсіз тексеруге құқығы жоқ.
Жалпы жыл басынан бері 109 бірыңғай байланыс нөміріне Тұрғын үй кешенінің астындағы көлік жуу орталықтарына қатысты 4 шағым түскен. Әзірге халықтың шағымы түбегейлі шешілген жоқ. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Оңғар Алпысбайұлы