Қазақстанға инвестиция құйып отырған ең ірі 10 елдің бірі Түркия осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға ниетті. Әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында бірлесе өнім шығаруға, өндіріс орындарын салуға мүдделі. Осы аптада Алматы облысынан бір топ кәсіпкер Түркияның ірі компания өкілдерімен кездесіп, бірқатар жаңа жобаларға қатысты келіссөздер жүргізді. Тың жобалар туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы сабақтайды.
Елімізде жеміс-жидек пен көкөніс өсірудің әлеуеті жоғары болғанымен, оны халықаралық талаптарға сай сақтайтын қойма аз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қазақ-түрік кәсіпкерлері өнімді 16 ай бойы сақтауға болатын заманауи қойма салуды қолға алмақ.
Жандос Тұрсынғалиев, компания басшысы:
Көкөніс, жеміс-жидектер бізде басқа шетелдерден алынады. Қымбат бағаға әкелінеді. Сондықтан негізгі мақсат халықты жақсы, орташа бағада жеміс-жидекпен қамтамасыз ету.
Хулуси Кылыч, түркиялық кәсіпкер:
Бүгінгі келіссөздер өте нәтижелі өтті. Өзіміздің жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын замнауи қоймаларымызды таныстырдық. Біз 14 елге табиғи өнімдерімізді экспорттап отырған осы саладағы Түркияның ең ірі компаниясымыз. Қазақстанда қойма салып, жеміс-жидекті қыс айларында көршілес мемлекеттерге сатуға болады. Бауырлас Қазақ елімен бірге жұмыс істеуге әрдайым дайынбыз.
Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен қазақ кәсіпкерлері түрлі бағыттағы компания өкілдерімен кездесіп, олардың озық тәжірибелерімен танысты. Пандемия кесірінен бетпе-бет кездесе алмаған кей серіктестерімен онлайн тілдесіп, болашақ бизнес бастамаларды талқылады.
Серік Тұрдалиев, Алматы облысы әкімінің орынбасары:
Түркиялық компаниялардың шығарып жатқан өнімі 180 млрд теңгедей өнім шығарады. Ол біздің шығарып жатқан өнімдердің 15 пайызы боп есептеледі. Негізі салған көлемі 200 млн доллардан артық. Сол инвестиция көлемі одан әрі ұлғаяды деп сенеміз.
Сондай-ақ осы сапарда қазақстандық делегация құрылыс, медициналық бұйымдар, химия өнеркәсібі сияқты түрлі бағыттағы ірі компаниялармен тәжірибе алмасып, қызығушылық танытқан инвесторларды елімізге шақырды. Өз кезегінде түркиялық компаниялар елімізде инвесторларға жасалған қолайлы жағдай кәсіппен айналысуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айдос Әшімұлы