Жаңалық ауылының тұрғындары «қызыл сызыққа» салынып жатқан құрылысқа наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңалық ауылының тұрғындары «қызыл сызыққа» салынып жатқан құрылысқа наразы

03.06.2021

Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылының тұрғындары жол бойындағы «қызыл сызыққа» салынып жатқан құрылысқа наразы. Айтуларынша, 2014 жылы жүргізілген су құбырының үстінен соңғы 3-4 жылда үй салына бастаған. Кезінде оңды-солды таратылып кеткен жердің зардабын ертең біз көреміз деп отыр. 

Қыдырбек Нұғыманов, Жаңалық ауылының тұрғыны: 
 Екі-үш жылдан бері су құбырының үстіне елдер үй салып жатыр. Қоршап жатыр. Егер ертең жарылып, сынатын болса мұны қалай жөндейді.

 Жол бойындағы аумаққа 2017 жылдан бастап үй салына бастаған. Тұрғындардың сөзінше, бұл жер оған дейін бас жоспарда «қызыл сызық» деп көрсетілген. Яғни, құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды дейді.

Үй салып жатқандардың көбі жерді арзан бағасына қызығып сатып алған. Тіпті, кей тұста су құбыры үйдің дәл астынан өтеді. Бұл мәселені әкімдікке қанша айтсақ та, тыңдар құлақ болмай тұр,- дейді тұрғындар.

Дүйсенбек Жүнісов, Жаңалық ауылының тұрғыны: 
 Негізгі талабым мына жерге үй салуға ешкімнің хақысы жоқ.  Су жүретін жері болуы керек. Оның жарық тартатын жолы болуы керек.  Бұл жағдайды қолға алып, шара қолданбаса болмайды. 

Ауыз суға жауапты мекеме де әкімдік жерді үлестірер кезде бізбен санаспады деп отыр. Себебі, қоршап алған үйдің аумағына кіру қиынға соғады. Құбырды күту, жөндеу жұмыстарына да кедергі келтіреді.

Жұмабай Қасымбаев, Талғар аудандық «Су құбыры» мекемесінің өңір басшысы: 
 Үй сала ма, салмай ма, менің құзырыма кірмейді. Мен халыққа су беруім керек. 

 Бұл мәселеден әкімдік хабардар. Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы жақында арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізілетінін айтты.

Дәурен Мұқанов, Талғар аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Комиссия құрамында су құбырының басшылары, жер қатынастары мен мекеме басшыларын толықтай құрып, жер учаскелеріне шығып тексеріп, қарастырамыз. 

Бірінші, қанша адамның құрылыс жүргізуге рұқсаты бар-жоғы анықталады. Ал су құбыры жүріп жатқан жердің үстіне үй салғандардың әрекеті комиссия тексерісінен кейін белгілі болмақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу