Президент Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповты қабылдады

02.06.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповты қабылдады. Кездесу кезінде, түрлі сыни қатерлерге қарамай, қарыштап дамып келе жатқан екі ел арасындағы байланысты дамыту жолдары сөз болды. Сонымен қоса, алдағы уақытта Өзбекстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетіні белгілі болды.

Қазақ-Өзбек қарым-қатынасы табысты дамып келеді. Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповты Ақ Ордада қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президенттің пікірінше, бұған жоғары деңгейдегі белсенді диалог, үкіметтер арасындағы тығыз ықпалдастық, сондай-ақ, тараптардың екі ел ортасындағы көпқырлы байланыстарды нығайтуға ұмтылысы дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 
Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық менің Өзбекстанға жасаған сапарым кезінде құрметті әріптесім Шавкат Миромонұлы Мирзиёевпен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жоғары деңгейде әрі табысты дамып келеді. Біз бауырлас Өзбекстанмен ықпалдастықты дамытуға баса мән береміз. Өйткені мұны Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды фактор деп санаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты әртүрлі бағытта, ең бастысы, мазмұндық тұрғыдан ілгерілететін бірлескен бірқатар жобалардың бар екенін атап өткім келеді.

 Өзбекстан біздің стрегиялық әріптесіміз. Өзбек Президенті Шавкат Мирзиёевтің басшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгені бізді қуантады-деді, Президент. Абдулла Арипов бауырлас мемлекеттер арасындағы байланыстың беки түсеріне сенім білдірді.

 Абдулла Арипов, Өзбекстан Пермьер-Министрі: 
Шавкат Миромонұлы мен Сіздің, Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрақты әрі өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарыңыздың арқасында көпжақты қазақ-өзбек ынтымақтастығының оң қарқыны сәтті қалыптасты. Алдағы жылдары өзара сауда-саттық көлемін 10 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедіңіздер. Екі ел үкіметтері осы межеге нақты қол жеткізуді көздейді.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповті қазақ-өзбек байланыстарын дамытуға және достық арқауын нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады.

Ғабит Бөкенбай


Хабарламаларға жазылу