Шымкентте дауыл кезінде жарақат алған 12 жасар балаға операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте дауыл кезінде жарақат алған 12 жасар балаға операция жасалды

02.06.2021

Шымкентте кешегі күні болған дауылдың желдің шығыны есептеліп, бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Екпіндете соққан жел 10 ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен. Оның бесеуі көпқабатты тұрғын үй, екеуі білім беру мекемесі, қалған үшеуі коммерциялық нысандар. Төбесін жел шайқаған бұл ғимараттардың 3 мың шаршы метр жабындысын жұлып кеткен. Секундына 26 метр жылдамдықпен соққан желден көше бойындағы ағаштар құлап, бірнеше шағын аудандағы электр желілерінде апат болды. Салдарынан 14 мың абонент жарықсыз қалды. Бағдаршамдар істен шығып, көшелерде автокөлік кептелісі пайда болды. Табиғи апатқа байланысты шаһарда жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Жәнібек Кәрімбаев, Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: 
 Оның басым көпшілігі түнгі сағат 11-12-де орнына келтірілді. Қазір шамада 2 ауданда жарық жоқ. Бірақ бүгінгі күннің соңына дейін жарық беріледі.

Ал жарақат алған 12 жасар балаға дәрігерлер операция жасады. Дауыл кезінде ғимараттардың шатырынан ұшқан қаңылтыр жабынды оның денесін кесіп өткен. Қазір ол Түркістан облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы орташа. Баланың айтуынша дауыл болған сәтте ол аулада ойнап жүрген.

Шерзат Рысметов, Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігері:
Баланың иығы жарақат алған. Кесілген, жыртылған жара деп аталады. Оған хирургиялық ота жасалды. Қазіргі таңда баланың жағдайы бірқалыпты. Бөлімшеге ауыстырылды.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу