Теріскейге көшкен тұрғындардың үйлеріне арнайы комиссия сараптама жасауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейге көшкен тұрғындардың үйлеріне арнайы комиссия сараптама жасауға кірісті

01.06.2021

Түстіктен теріскейге көшкен тұрғындардың үйлеріне арнайы комиссия сараптама жасауға кірісті.Әсіресе,Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қоныс аударғандардан шағым көп.Осыған байланысты Мемлекет басшысы баспаналардың сапасын тексеруді тапсырды. Еңбек бағдарламасы бойынша көшіп барғандардың басым бөлігі тұрып жатқан Саумалкөл ауылына әріптесім Ермек Елберген арнайы барып қайтты.
Саумалкөл ауылына екі-үш жыл бұрын көшіп келген 33 отбасының бәрі жаңа үйлерге кірген. Алайда, жағдай уәде еткендей болмай шықты, - дейді қоныс аударушылар.
 Аягөз Байылова, Саумалкөл ауылының тұрғыны: 
Төбеден су ақты. Конденсат деді оны. Біраз үйлерде пештер де құлады. Сондай да жағдай болды. Әне істейміз, міне істейміз, міне бүгін қандай күн?! 
Сапасыз салынған үйде тұрып жатқандардың қатарында көпбалалы ана Жазира Рақышева да бар. Айтуынша, баспанасының қабырғасы қақырап кеткен. Жаңбыр жауса, төбесінен су ағады. Қыста суық.
Жазира Рақышева, Саумалкөл ауылының тұрғыны: 
Бізге сол керектісі қабырғаны істеп берсе, эмульсия істеп, дуалдарды істеп берсе, болады.  Соны күтудеміз енді.
2 жылдан бері жол, ауыз су, қоғамдық көлік мәселелері де шешілмеген. Алайда айналдырған 2 күннің ішінде жағдай түбегейлі өзгеріп сала берді, дейді тұрғындар.
Ермек Елберген, тілші: 
Бірнеше күннен бері бұл шағын ауданда жұмыс қыза түскен. Мамандар су құбырын тартып жатыр. Жол да төселуде. Және де үйлердің сапасына баға беретін комиссия өз жұмысын бастады.
Көше құрылыс алаңына айналған. Су құбырын тарту мен жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары қатар жүруде. Сылақшылар үйлердің сыртын бояуға кіріскен.
Дархан Әмрин, Айыртау ауданының әкімі: 
Бұл үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алған. 3 жылдық кепілдігі бар. Сондықтан қандай да кемшіліктер, жөндейтін жерлері болса, оны баспананы салған компаниялар қалпына келтіреді. Жұмыспен қамту бойынша, біз үнемі бос орындарды ұсынамыз. Жұмысқа кіргендер бар. Ал кейде көңілдерінен шықпай жатады.
Үйлердің сапасына сараптама жасайтын комиссия жұмысының қорытындысы келер апта белгілі болмақ. Жалпы ауданға көшіп келген 100-ден астам отбасының дені - осы Саумалкөлде.
Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу