Алматыда жүк көлігі жүргізушілері жолдың ақылы болуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жүк көлігі жүргізушілері жолдың ақылы болуына қарсы

31.05.2021

Биыл маусым айынан бастап республикадағы 18 жол ақылы болмақ. Алайда бұған жүк көлігі жүргізушілері қарсы. Кешеден бері бірнеше аймақта жиналған тауар тасымалдаушылар жаңа талапқа жол мен қызмет көрсету сапасы сай емес дейді. Олар әр жүрген шақырымға ақша төлесек, табыссыз қаламыз деп алаңдаулы. Ал жауаптылар жүргізушілерден бірден ақы алынбайтынын, алдымен дайындық жүретінін айтты.

Бүгін Алматы облысында жиналған 100-ден астам көлік жүргізуші жол жүру тегін болмайынша тапсырыс қабылдамайтындарын айтты. Олардың сөзінше, жаңа талапты енгізу үшін алдымен жолдарды жөндеп, жанармай бағасын арзандату керек.

Әбдіқасым Мамырбаев, жүк көлігі жүргізушісі: 
Бір қолың рульде, екінші қолыңмен көз жасыңды сүртіп отырасың. Міне, біздің жол. Соған ақша төлейміз бе, біз енді? 50 мың теңгеге бір жерге барып келгенім. Содан мен сол жерге барам да, ол жақтан бері қарай жүк болмай қалса не істеймін? Мен ауылға, өз үйіме жете алмай қаламын.

Батыс Қазақстанда да ұзындығы 418 шақырым жол ақылы болады. Алайда күре жолдарда мүлдем жағдай жасалмаған, дейді жүргізушілер. Ас-суы, әжетханасы бар автотұрақты айтпағанның өзінде, көлік сынса, жөндеу орындары жоқ.

Азамат Мүсілов, ҚР ИИДМ жанындағы эксперттік топ сарапшысы: 
Беларуссияда жол ақысын алмас бұрын барлық қызметті енгізген. Бүкіл ақпаратты алдырған. Жол-көлік оқиғасы кезінде полиция неше минутта жетті, жедел жәрдем қашан жетті, қар-мұздақта жол жағдайы қандай болды? Жолды сапа мен қауіпсіздікке сай келтірсек, тіпті, жеңіл көлік те төлер еді.

Түркістандық жүргізушілер де жол жиегіне көліктерін қойып, наразылық білдірді. Енді адам жалдау құны қымбаттайды. Осылайша азық-түлік бағасы да аспандайды. Сондықтан, олар ақылы жолдың кесірі қарапайым халық пен бала-шағамызға тиеді дейді.

Манас Пірімқұлов, жүк көлігі жүргізушісі: 
Сарыағаштан шығып Ақтөбеге барып келем аптасына бір. 100 мың теңге қалады. Ал қазір қалмайын деп тұр. 100 мың теңгесін жолға төлейді екем.

ҚазАвтоЖол Ұлттық компаниясының мәліметінше, алдымен бір ай бойы жарамды жолдарда ғана ақы алынады. Ал кей бағыттарда жөндеу жұмыстары жүргеннен кейін ғана енгізіледі.

Талғат Смағұлов,  ҚазАвтоЖол ҰК төрағасының орынбасары: 
Тарифтер қазір бекітіліп жатыр. Бірінші санаттағы жолдарда барлық көлік түрінен ақы алынады. Жеңіл көліктер шақырымына 1 теңге, жүк көліктері салмағына қарай 25 теңгеге дейін төлейді. Басқа санаттағы жолдар үшін жеңіл көліктерден ақы алынбайды, тек жүк көліктері төлейді.

Ақылы жүйе биыл ел аумағындағы 5800 шақырым жолға енгізілмек.

Бірақ, күре жолдарда әдеттегідей шлагбаумдар болмайды. Тек көліктердің нөмірін анықтап, ақы есептейтін камералар орнатылмақ.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу