Екібастұзда жоғалған жасөспірімдердің мәйіті табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұзда жоғалған жасөспірімдердің мәйіті табылды

31.05.2021

Жалпы жыл басынан бері 56 бала оқыс жағдайдан қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың көбі балалардың қараусыз қалуынан болып жатыр,- дейді құзырлы орган өкілдері. Соңғы аптада балалардың мезгілсіз қаза табуы жиілеп кетті. Күні кеше Екібастұзда жоғалған қос жасөспірімнің мәйіті табылды. Волонтерлар балалардың бірі суға батып, екіншісі досын құтқармақ болғанда көз жұмған деп болжап отыр.
Ербол Ғазиз, ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
112 нөміріне хабарлама түскеннен кейін жұмыстар 2 бағытта жүргізілді. Ол суда және құрғақта іздеу. Қиындықтың негізгі себебі - куәгерлер болған жоқ.
Жыл басынан бері 34 бала суға кетті. 17 жеткіншек өрт салдарынан, ал 5 сәби улы газдан көз жұмған. Елімізде бір жыл ішінде екі мыңнан астам ата-ана баланы қараусыз қалдырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал 300-і полицияның өтінішхатымен ата-ана құқығынан айырылды.
Алексей Милюк, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
Жасөспірімдердің немесе оларға қарсы жасалатын қылмыстарға негізгі себебі – балалардың бос уақыттының дұрыс ұйымдастырмауы және отбасындағы қолайсыз жағдай. Полиция есебінде 5 мыңнан астам жасөспірім және 7 мың отбасы тұр.
Балалардың жазғы демалысы үшін 13 мыңдай сауықтыру лагері дайындалды. 2 млн баланы қамту жоспарланып отыр. Олардың 500-і әлеуметтің осал тобына жататын бүлдіршіндер.
Есенғазы Иманғалиев, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
 Лагерлерге күрделі және ағымдағы ремонттарды жүргізу үшін, материалдық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 3 млрд теңге бөлінді.
Сауықтыру лагерлерінің 235-і қала сыртында орналасқан. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі үшін тиянақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға сәйкес, санитарлық талаптардың сақталуы да қатаң тексерілмек.
Ақниет Балтанова, Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу