Маңғыстауда қуаңшылықтан мал қырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда қуаңшылықтан мал қырылып жатыр

31.05.2021

Маңғыстауда қуаңшылықтың салдарынан 3 айда 1400 бас мал қырылды. Биыл жаңбыр жоқ, далада төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпады. Соның кесірінен шаруалар мал азығын қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Жығылғанға жұдырық, енді, құдықтағы жер асты сулары да тартыла бастаған. Осыған байланысты шаруалар аймақта төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.

Қарубай Алагөзөв мұндай қуаңшылықтың көптен болмағанын айтады. Бұрын жылқыларын қыста ғана жемдейтін ол қазір жыл 12 ай бойы жем-шөп беруге мәжбүр. Себебі далада шөп жоқ, сондықтан арам өледі деп алаңдайды. Ал, басқа өңірлерден тасымалданатын азықтың бағасы шарықтап тұр. Бір қап кебек - 2000, бір рулон шөп - 16 000 теңге тұрады.

Қарубай Алагөзөв,   шаруа қожалығының директоры:
Күзден бастап жемдедік, жемінің өзіне 9 млн-ның үстінде ақша кетті. 

Биыл аймақта қуаңшылықтан жылқының 15 пайызы, қойдың 14 ал, түйенің 4 пайызы шығын болды. Ал былтыр 5 мың мал қырылған. Енді қалғанын аман алып қалу үшін, бұлақтардың көзін ашу керек. Оның сыртында Үкімет мал азығына, сүтке және етке субсидия бөлсе дейді шаруалар.

Тұщыбек Далжанов,  шаруа:
Жем-мен шөптің субсидиясына кішкене оң көзбен қарап, осыларды жеңіл бағамен алдыру мақсатында өте жоғары деңгейде жұмыс жасалу керек. Тасымалмен келетін болғасын қымбатқа түсіп тұр. Егер субсидия беріліп, тасымалдау жұмыстарына ақша берілсе, шаруаларға малды аман алып қалуға мүмкіндік туар еді. 

Көзкөрген малшылар қазіргі жағдайға «жұт» деп бағалайды. Сондықтан, олар төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Жағдайды көзбен көрген үкімет жанынан құрылған жұмыс тобы енді бір шешімге келмек.

Еділ Жаңбыршин, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
ТЖ жарияланбаса біз малды түгелдей қырып аламыз деген уәждер айтылды. Шынында да қазіргі жағдай соған келіп тұр. Жұмыс тобы барлық кездесулердің қорытындысы бойынша арнайы ұсыныстар дайындап үкіметке береді. 

Жем-шөп сатып алу үшін бүгін облыстық бюджеттен -117 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан мал азығы әкелінеді.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу