Мемкомиссия мүшелері АЛЖИР-де саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемкомиссия мүшелері АЛЖИР-де саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

31.05.2021

Бүгін - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы атаулы күнге орай Мемлекеттік хатшы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды.

11 жазалау лагерлерінің бірі елорда іргесіндегі Ақмол маңында орналасқан. 2007 жылы бұл жерде «Алжир» мемориалдық-музейі бой көтерді. Өткен ғасырдың басында ел болашағы үшін күрескен мыңдаған Алаш арыстары жалған айыптың құрбаны болып, ату жазасына кесілді. Ал олардың әйелдері мен балалары лагерлерге тоғытылып, қасіретті кезеңді бастан өткерді. Ресми дерекке сәйкес, елде 100 мыңдай адам жапа шекті, 25мыңдай адам ату жазасына кесілген. Оларды толық ақтап алу туралы комиссия былтыр Президенттің пәрменімен құрылған еді. «Жазықсыз қуғынға ұшыраған адамдар мен отбасы мүшелерін ақтау - Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобының міндеті», - деді мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Тарихи құжаттар, архивтер ашылды. Қуғын-сүргін құрбандарын, алапат қасірет ашаршылықтың құрбандарын барлығын толық ақтап, барлық тарихи құжаттарды елге жария етпей, мемлекеттік комиссия өзінің жұмысын аяқтамайды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева саяси-қуғын сүргін құрбандарына тағзым етіп, мемориалды тақтаға гүл шоқтарын қойды. Бұдан әрі ел тарихын зерттеуге үлесін қосып жүрген жас мамандармен кездесіп, тарихи датаның маңызына тоқталды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу