АҚШ ЕуроОдақпен, басқа да серіктестерімен ынтымақтаса отырып, Беларусь билігінің негізгі тұлғаларына адрестелген санкциялар дайындап жатыр. Сонымен бірге бұл мемлекеттің тоғыз кәсіпорнынан алынып тасталған санкцияларды қайта салуға ниетті. Ақ үйдің ресми өкілі Джен Псакидің ақпарат құралдарына осы мәлімдемені таратты. Санкциялар адам құқықтарын бұзудың тоқтамауы, коррупция, былтырғы президент сайлауы мен 23 мамырда болған оқиғаға орай салынбақ деп түсіндірген. Сонымен бірге АҚШ Беларусьпен арадағы әуе қатынасын тоқтатады. Еуропа да Беларусьтің басты әуе компаниясының ұшақтарын қабылдамайды. Тіпті әуе кеңістігінен ұшуға тыйым салды.
Иә, бәрі Афиннен Вильнюске ұшып шыққан Ryanair ұшағын Минскіге қондырудан басталды. Ол миналанған деген ақпарат алдық деген Беларусь жағы көкке истребитель көтеріп, ұшақты қонуға мәжбүрлеген. Сөйтіп рейстен Nexta Telegram-каналдың негізін қалаған жасы 26-ғы Роман Протасевич пен оның жүріп жүрген қызы София Сапеганы түсіріп алған. Аталған канал Беларусьта экстремистік деп танылған. Неге дейсіз бе? Былтыр, президент сайлауы өтетін жылы халық көтерілісінің үні болды. Романды жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген сияқты бірнеше қылмыс бойынша айыптап отыр, ол 15 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Софияға да қылмыстық кодекс бойынша айыптар тағылды, оны екі айға қамаған. Бір қызығы, оған дипломатиялық, басқа да каналдар арқылы көмек беруге Ресей асығар емес.
Минск ешнәрсені жорта істемегенін, Минск әуежайының электронды поштасына ұшақта мина бары туралы хат келгенін, барлығын қауіпсіздік үшін істегенін мәлімдеп, бұлқан-талқан болды... Апта соңында А.Лукашенко мен В.Путин Сочиде кездескен. Теңізге шомылып шығуға да уағдаласты...
Сонымен АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінің бұл оқиғаға көзқарасы ортақ. Бұл – Беларусьтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қадам емес, бұл «мемлекеттік деңгейдегі террористік акт» деп баға беріп отыр.
Айтпақшы Nexta Telegram-каналы «Лукашенко.Золотое дно» деген фильмнің екінші бөлімін шығарды. Лукашенколар туралы...
Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Лукашенконың бұл жасап отырған қадамы ең алдымен Беларусьтің ішкі саясатына бағытталған. Яғни бүгінгі таңда оппозицияның рухын түсіруді мақсат қылып отырған қадам. Корона дағдарыстан онсыз да әлсіреп отырған экономикасының одан әрі жағдайы нашарлайды. Одан бөлек Беларусь ақшасының құны құлдырайды. Беларусь өзіне инвестиция тартуға мүмкіндігі азаяды. Сондықтан қазіргі таңда Минск үшін үлкен қауіп төніп тұр. Өз кезегінде Ресей бұл қақтығыста Минскке тек ғана саяси қолдау емес, қаржылық қолдау көрсететін сияқты. Бірақ Ресей көмегінің де бағасы бар. Не баға десек, Ресей интеграция бойынша жаңа қадамдар талап етеді. Және бұл Беларусьтің экономикалық-саяси егемендігіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін.