Жақында курьерлер, оның ішінде тамақ таситын курьерлер бір сәтте табысының қомақты бөлігінен айырылып қалғандарын айтып, наразылық білдірген. Өздерін жалдайтын компанияның кеңсесіне барып. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен комментарий сұрағанбыз, курьерлер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде қызмет атқарады. Осы себептен олардың шағымы сот органдарымен шешуге жататын мәселе болып табылады, деп жауап берді.
Демек қызмет көрсету шартымен қабылданатын адамда жұмысшы ретінде ешбір құқық жоқ. Демек еңбек заңнамасына өзгеріс керек. Кәсіподақ өкілі айтпақшы, адамдар жұмыс жоқ болғасын адам төзгісіз шарттарға келісе береді. Алайда қашанғы көнуге болады? Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
Осындай талаппен Wolt курьерлері бір айда екі рет көтерілді. Жеткізу қызметін ұсынатын компания тарифті төмендетіп жіберген. Осының кесірінен тамақ тасушылардың еңбекақысы 30 пайызға дейін азайыпты.
Бекзат Молдасан, WOLT курьері:
Алдын ала ескертілгенде олар табыс төмендейді деген жоқ бізге. Тарифтік жүйе өзгереді деді.
Әйтеуір әкімдік арағайындық жасап, еңбекақы төлеу жүйесі қалпына келтірілді. Бірақ уақытша. Курьерлік қызмет басшысы наразы топтың алдына шыққанда тариф түбі өзгертілетінін айтты. Ал оған дейін термосөмке арқалаған жеткізушілер кәсіподақ міндетін атқаратын қауымдастық құрып, жарғысын бекітіп алмақшы. Компания өкілдерімен келіссөз кезінде ресми түрде курьерлердің мүддесін қорғау үшін.
Бекзат Молдасан, WOLT курьері:
Біздің жалақыны керісінше 10-15 процентке көбейтіп берсін деп талап етуге тырысамыз.
Қауымдастық қатарына Қазақстанда жұмыс істейтін төрт онлайн-сервистің де курьерлері қосылмақ. Себебі төлемақы жүйесіне қатысты проблема бәрінде бар. Өткен аптада Chocofood курьерлері де бас көтере жаздаған. Қайта бұл компания басшылығы серіктестерімен дер кезінде келісімге келе алды.
Жеңісхан Орыналиев, GLOVO курьері, қауымдастық төрағасы:
Біз жеке кәсіпкер ретінде партнер болып жұмыс істейміз. Еңбек шарты деген жоқ. Профсоюзды құрып жатқан мақсатымыз да осы. Бізге «Красная юрта» профсоюз құруға көмектесетін орта, солар көмектесіп отыр.
Біз онлайн-платформалардың өкілдерінен келешекте// курьерлер құрған заңды ұйымның талаптары ескеріле ме деп сұрадық. Chocofood барлық тараптың талабын нарық реттейді деген емеурін танытты.
Әйгерім Баймұратова, Chocofood директоры:
Біз олардың сұраныстарына әрқашан назар аударамыз, кәсіподақ болсын, болмасын. Бірақ біз тек курьерлердің жағдайын ойлаймыз деп тамақтану бизнесіндегі басқа мүшелердің қажеттіліктерін ұмытпауымыз қажет. Курьер жалақысын көтермелеу мейрамхананың комиссиясы мен тұтынушының төлейтін сомасын көтеруі мүмкін.
Енді бір компания курьерлер бізбен серіктестік орнатқанына онсыз да риза деген жауап қайтарды. Өткен айдағы сауалнаманың нәтижесіне сүйеніп отыр.
Руслан Жақұтов, WOLT операциялық маманы:
Соңғы сауалнамада 900-ге жуық курьер серіктестер бізбен ынтымақтастықты 5 баллдан 4,2 баллмен бағалады. Бұл тұтастай алғанда серіктестер бізбен бірге жұмыс жасағандарына риза екенін білдіреді.
Ал күні кеше кеңсесінің алдын «Еңбекақымызды көтерсін!» деп шулатқан курьерлерді келесі сауалнамаға дейін қалай риза етіп үлгерер екен? Олар жетіскеннен жеткізуші болып жүрген жоқ. Курьерлік қызмет кейбіреуінің жалғыз ғана табыс көзі.
Жеңісхан Орыналиев, GLOVO курьері, қауымдастық төрағасы:
300-350 мың болады ғой. Оның ішіне біздің шығындарымыз бар, мопедті арендаға алатын ақшамыз бар, бәрі соның ішіне кіреді. Көбісі басқа қаладан келіп жұмыс істейді, Ақтаудан, Шымкенттен, олар пәтер жалдайды.
Бұдан бөлек, онлайн-сервистің өзі де кейде курьердің табысын «қияды». Яғни тәртіп бұзылса айыппұл салынады. YOUTUBE.COM Курьердің жанталасып жүретіні сондықтан. Асығып-үсіккенде оқыс жағдайға да тап болады.
Асан Көкібаев, Яндекс.еда курьері:
Мото деген статусты қосқалы бері мотокурьерлердің таймерлері тиімсіз. 1 км-ге 1 минут беріледі. Сонда 3 км-ді 3 минутта жүріп өту деген масқара ғой. Сол себептен балалар асығады да, кеш қалмайын деп, себебі әрбір кеш қалған минуты штраф болып есептеледі.
Бекзат Молдасан, WOLT курьері:
Бізде компания рейтинг деген нәрсе қойып берген. Тез жеткізесің, сенің рейтингің жоғары тұрады. Ал кеш жеткізсең, рейтингің түседі. Ол түскен сайын саған тапсырыс түспейді. Көрдіңіз бе? Компания осы талапты алып тастасын. Сол кезде бізде ДТП, ештеңе болмайды.
Кейінгі кезде экономикаға дендеп еніп келе жатқан платформалық қызметтерде тек курьерлер жұмыс істемейді. Таксистер де бар. Өткен айда олар да төлем тәртібі өзгергеніне қарсылық білдіріп, видеоүндеу жолдаған.
Ол кезде «Яндекс.Такси» агрегаторының баспасөз қызметі сервис тәртібінде еш өзгеріс жоқ екенін мәлімдеген еді.
Негізі осындай платформалар арқылы табыс тауып отырғандар еңбек шарты бойынша жұмыс істемейді. Олар сол интернет-платформамен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша немесе жеке кәсіпкер ретінде серіктестік байланыс орнатады. Яғни бірі – тапсырыс беруші, екіншісі – тапсырысты орындаушы ғана. Сондықтан олардың арасындағы кикілжіңді еңбек заңнамасы бойынша шешу мүмкін емес.
Жанерке Шуақбай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы:
Жұмыс берушіде штат болмаса, ол тек қана осындай қызмет көрсету шартымен ғана жұмыскерлерді, яғни қызмет көрсетушілерді жұмысқа қабылдайтын болса, енді оған мемлекет тарапынан, яғни біз – еңбек саласындағы өкілетті орган ешқандай ықпал ете алмаймыз. Ықпал етуге құқымыз жоқ.
Алима Бисенова әлеуметтану ғылымында платформалық экономикада жұмыс істейтіндер жаңа әлеуметтік топ ретінде қарастырылатынын айтады. Оларға прекариат деген атау берілген. Бұл – ағылшынның «тұрақсыз» деген сөзі мен пролетариат дегеннің қосындысынан шыққан ұғым. Яғни тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік және еңбек құқықтары қорғалмаған тап.
Алима Бисенова, Назарбаев университеті әлеуметтану және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
Бұрынғы өндіріс жұмыстары жоқ. Деиндустриализация дейміз. Бүкіл экономика қызметтік экономика болып кеткен. Яғни бір бірімізге қызмет жасап, сол қызметтік экономика – прекариатты тудырады. Ол жақсы ақша табуы мүмкін. Бірақ оның тұрақтылығы жоқ, еңбек шарты жоқ, мемлекеттік пакеттері жоқ, отпускной, больничный сияқты. Оның жақсы жақтары да бар. Сен қай уақытта жұмыс істегің келсе, сол уақытта істейсің.
Прекариат кез-келген уақытта табысынан айырылып қалуы мүмкін. Себебі жұмыс беруші екеуара келісімшартты біржақты үзе сала алады. Оған өзімізден де мысал бар. Өткенде Wolt наразылық білдірген 40 шақты курьердің аккаунтын бұғаттап тастаған еді. Сондықтан еңбек қатынастары саласындағы сарапшы әрі кәсіподақ өкілі прекариатты қалай да болсын еңбек келісімшарты бойынша жұмыс істеуге көшіру қажет екенін айтады.
Қайрақбай Жаңабеков, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы:
Жұмыс жоқ болғандықтан көбінесе барлық жұмысқа келісіп отыр ғой. Прекариат, тұрақсыз жұмыскерлерді жою үшін осындай мәселелерді еңбек заңнамасына енгізуіміз керек. Міндетті түрде осы қатынастарды еңбек қатынастарына ауыстыру жөнінде. Вольт болсын, глово болсын арнайы бір филиалдарын құрып, адамдарды штатқа орналастырып, сонда еңбек қатынастарын орнатуға болады.
Данияр Қайыртай, тілші:
Иә, платформалық экономика дәуірінде ереуілге біз үйренгендей шахтерлар, мұнайшылар мен зауыт қызметкерлері ғана емес, курьерлер мен таксистер шығатынына көз жетті. Ресейде былтыр ең алғаш рет Delivery Club-та істейтін тамақ тасушылар көшеге шығып, талаптарын айта бастады. Осыдан кейін ресейлік белсенді курьерлер кәсіподақ құрған еді. Ал электронды саудамен айналысатын Amazon компаниясының қойма қызметкерлері мен курьерлері бірнеше жылдан бері сондай одақ құруға талпынып келеді, бірақ басшылығы ондай ұйымның құрылуына кесе-көлденең тұрып алған. Еуропада да термосөмке асынғандардың ереуілі үйреншікті жағдайға айналып кеткен. Енді бізге де жетті. Осы үрдіске қарап баяғы коммунистердің атақты ұранын «Барлық елдің прекариаты, бірігіңдер!» деп түрлендіріп айтуға болатын сияқты...
Данияр Қайыртай, Қуан Нұрақын,