Еуразия құрлығының басым бөлігінде үш ғасырға жуық билік еткен Алтын Орда тарихына әлем ғалымдары қызығушылық танытып отыр. Қазақ мемлекеттігін қалыптастыруда осы кезеңге үлкен мән беріледі. Алайда, өз ішімізде деректер тым аз. Бұл туралы «Ұлық ұлыс – Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
Алтын Орда тарихы - тек Қазақстан емес, көршілес мемлекеттермен қатар Кавказ бен Еуропаға дейінгі жер-судың шежіресі. Ұлық ұлыс қазақ халқының қалыптасып, дамуына ерекше ықпал етті. Сондықтан егемен еліміз осы мыңжылдыққа татитын мұраға ерекше назар аударып отыр.
Дәурен Абаев, ҚР Президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары:
Алтын Орда тарихын кең көлемде және кешенді түрде зерттеу – Қазақстандағы гуманитарлық ойдың өркендеуіне тың серпін береді деп сенемін. Себебі, бүгін тамыры терең тарихымызға, ұлтымыз бен мемлекеттігіміз пайда болған кезеңге тағы бір мәрте көз жібереміз.
Ғалымдардың пікірінше, Алтын орданың мұрасына қатысты зерттеулер тарихтың алтын беттерін қайта парақтап жатыр. Дегенмен, елімізде деректер тым аз. Көбі өткен ғасырдың басында жойылып кеткен. Ал қолда бар көне парсы және араб тілдерінде жазылған мәліметтерді оқитын немесе аударатын мамандар тапшы.
Еркін Әбіл, мемлекет тарихы институтының директоры:
АҚШ, Еуропада, Жапонияда басқа жерлерде де Алтын Орданы, біздің тарихымызды зерттеп жүрген орталықтар бар. Орта ғасырлық ең үлкен проблемасы – бұл деректер. Деректердің көбі 40-50-жылдары аударылып, одан кейін зерттелмегендері бар.
Конференция жұмысына 7 мемлекеттен ғалымдар қатысты. Олардың арасында АҚШ, Канада, Ресей зерттеушілері де бар. Басқосуда жиналған тың деректер жинақ ретінде жарық көреді. Ғалымдар бұл тарихты түгендеп, Алтын Ордаға лайқты баға беруде септігін тигізеді деп отыр.
Дарын Сағитов