Түркістан облысында құтқарушылар жоғалған 7 адамды іздестіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында құтқарушылар жоғалған 7 адамды іздестіріп жатыр

27.05.2021

Иә өкінішке орай іздестіру жұмыстары нәтиже бермей тұр. Құтқарушылар бірнеше рет көкке көтеріліп, айналаны шолып келгенімен жас саяхатшылардың өлі-тірісінен хабар беретін қандай да бір ізді әзірге таба алмады. 

Туристерді іздестіруге 25 құтқарушы мен 2 квадрокоптер, 7 арнайы техника жұмылдырылған. Одан бөлек, жоғалған азаматтардың туыстары да атсалысып жатыр. Әзірге белгілісі, олар 21-ші мамырда «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. 24-інде кері қайтуды жоспарлапты.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
Олар Бесасуға баруға жоспарлағаны туралы хабарлаған. Кешегі күнгі жағдай бойынша 37 шақырымнан астам жерлерді жаяу жүру арқылды таулы асуларды іздестіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, квадрокоптерді көтеру арқылы радиусы 4 шақырымнан асатын аумақтар зерттелді.

Ал, «Сайрам-Өгем» паркінің өкілдері жоғалған азаматтарды Сусіңген көліне баратын жолдан іздеуге кіріскен. Өйткені, айдың басында осы жастарды бастаушы азамат келіп, сол жаққа тур ұйымдастыруға рұқсат сұрапты. Бірақ, қазір қар көшу қаупі көп болғандықтан, парк басшылығы рұқсат бермеген.

Бақыт Қайнабеков, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары:
Оларға біз  рұқсатнаманы бермедік. Содан кейін барып бұлар өздері Сайрам су көліндегі орналасқан тексеру бекеті арқылы өткен.  Кәдімгідей барлық адамдармен бірге демалушы болып кірген. Сөйтеді де  Сары-Айғыр шатқалы арқылы Сусіңгенге бармақшы болған.

Олардың көлге жеткен-жетпегені белгісіз. Ал, альпинист Тарас Моисеев іздеу шаралары жүріп жатқан аумақ өте үлкен,-дейді. Сондықтан, жұмысты жүйелеу қажет. Ол азаматтар аталған жолды үш күнде өтеміз деп қателескенін де ескертті. Себебі, мұндай жолды жүруге кәсіпқойлардың өзіне бір апта керек.

Тарас Моисеев, альпинист:
Қазір қауіптісі, олар күнді дұрыс есептемей, тамақты аз алған болуы мүмкін. Сондықтан іздеу жұмыстарын тоқтатпау керек. Өзбекстанға да сұрау жіберу керек деп ойлаймын. Өйткені, он жыл бұрын осы бағытта жоғалып кеткен адамдар Өзбекстан шекарасынан табылған болатын.

Сондықтан, туристер жақында табылуы мүмкін деген үміт те жоқ емес. Өйткені, жастарды бастап жолға шыққан азамат ұлттық парктен рұқсат сұрағанда, осыған дейін бұл маршрутты екі рет жүріп өткенін де айтыпты.

 Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу