Алматыда тіркелген вирустың мутацияланған штамдары 84 пайызға дейін артқан. Эпиджағдайды бағалау матрицасы бойынша мегаполис әлі де қызыл аймақта тұр. Дегенмен вирус жұқтырғандар саны соңғы күндері едәуір азайғаны байқалды.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Қаладағы эпид ахуал соңғы аптада тұрақталды. Өткен айда вирус жұқтырғандар 700-ге дейін жетсе, соңғы күндері 300-ге дейін азайған. Өткен тәулікте 290 адамнан инфекция анықталған. Бұл көрсеткіш қабылданған шектеу шаралары мен вакциналаудың нәтижесі дейді мамандар. Бүгінде 40 пен 60 жас аралығындағы науқастар саны едәуір азайса, ал жастар мен оқушылар арасында көрсеткіш керісінше көбейген. Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі вакцина алмағандар.
Ал жалпы ахуалдың тұрақталуына байланысты қаладағы кей ауруханалар мен мекемелерде ашылған қосымша инфекциялық бөлімдерді бірте-бірте жауып, қалыпты жұмыс режиміне көшу туралы тапсырма берілген. Себебі негізгі стационарлардағы төсек орындардың 70 пайызы қазір бос, дегенмен кез келген жағдайға дайынбыз, деді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы. Жалпы мамандар алдағы уақытта эпидахуал әлі де тұрақталып, келер айда жасыл аймаққа өтеміз деп жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгінде қала бойынша 296 мыңнан астам адам екпе алған. Олардың 10 пайызы 60 жастан асқандар. Қазір мегаполисте 208 вакциналау пункті жүйелі жұмыс істеп тұр.