Депутаттар мемлекеттік бағдарламаларға өзгертулер енгізуді сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар мемлекеттік бағдарламаларға өзгертулер енгізуді сұрады

26.05.2021

Мәжіліс депутаттары ипотекалық несиені субсидиялауды ұсынды. Яғни отбасында әр бала туған сайын үстеменің 25 пайызын жауып отыру керек. Екі баласы барлар банк қосқан пайыздың жартысын ғана, ал көп балалылар мүлде үстеме төлемейді. Бұл жас отбасыларға үлкен көмек, ал банктер белсенді түрде ипотекалық несие беруге мүмкіндік алады дейді олар. Ал депутат Ғазиз Құлахметов баспанасы барларға да мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алуға мүмкіндік беру керек деп есептейді. Заң бойынша тұрып жатқан баспанасын мемлекеттік бағдарлама арқылы кең пәтерге ауыстыру мүмкіндігін қарастыру қажет деген пікірде.

Ғазиз Құлахметов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
 Айналымда тұрып жатқан үйдің ауданын, яғни, шаршы метрлерін ұлғайту арқылы баспана жағдайын жақсарту деген ұғымды кіргізу қажет. Және кедергі келтіріп отырған нормаларды толықтай алып тастау қажет. Сонда 1-2 бөлмеде тарлықта тұрып жатқан қалауынша 3-4 бөлмелі кең пәтерге көшу мүмкіндігін алар еді. Босаған үй баспана қорына өтіп келесі меншік иесіне берілер еді.

Ал, депутат Айжан Сқақова бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы мөлшерін өсіру керек деп санайды. Қазір жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы 17 мың теңгеге жетпейді. Бұл күніне 560 теңге. Баланың анасына жәрдемақы мүлде қарастырылмаған. Ал, сотталғандардың бір күндік тамағына 1018 теңге бөлінеді. Сондықтан жәрдемақы мөлшерін өсіру қажет дейді депутат.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу