Пандемия кезінде елімізде 88 БАҚ жедел ақпарат таратты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемия кезінде елімізде 88 БАҚ жедел ақпарат таратты

26.05.2021

Елді індет жайлаған шақта ақпарат тарату саласында да қаржылық кедергілер орын алды. Үкімет тарапынан бұл салада да бірқатар жеңілдіктер жасалған. Салық пен міндетті төлемдерден босатылған компаниялар бар. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі мәлімдеді. Пандемия кезінде 88 бұқаралық ақпарат құралы жедел жаңалық таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін тынбай еңбек етті. 250-ден астам бейнеролик шығарылды.

 Басты жаңалық ретінде Сoronavirus2020.kz порталының іске қосылғанын айтуға болады, телеграм канал да жұмысын бастады. Stopfake.kz сайты мыңнан аса жалған ақпаратты анықтап, дәйекті жаңалықты ғана таратуға сеп болды. «Балапан» мен «Ел арнаның» эфирінен оқушылар үшін «онлайн сабақтар» көрсетілді.

Шекара маңындағы ауылдарға 107 радиотарату қондырғылары орнатылып, Қазақ радиосы мен Шалқар хабар таратады. «Қазақ радиосының» 100 жылдығына орай жоғары оқу орындарында «қазақ радиосы» аудиториялары ашылады, Ресейдің Орынбор қаласында ескерткіш тақта қойылады деген жоспар бар. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» басылымдары біріктіріліп, «Қазақ газеттері» атауымен жарық көреді.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
 «Балапан» телеарнасы жанынан ерекше балаларға арналған аннимациялық мектеп ашылды. Мұнда Жапония мен Оңтүстік Кореядан келген мықты мамандар сабақ береді.

Әлемнің 12 елінде қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланысты күшейту мақсатында 5 мемлекетте «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік орталықтары жұмыс бастаған. 6 өңірде қандастарға көмек көрсететін фронт-офистер ашылады. Орталықта елге келген қандастарға дұрыс құжат рәсімдеуден бастап, мемлекеттік қолдаудың барлық сұрақтары бойынша құқықтық, ақпараттық көмек көрсетіледі.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі: 
Қандас мәртебесі мен азаматтық алу рәсімін жеңілдететін «бір терезе» жобасы бүгінде толық пысықталды. Аталған процедура Халыққа қызмет көрсету Орталықтары арқылы жақын арада қол жетімді болады.

Экологиялық жастар театры мен арнайы YouTube-арна ашу да жоспарда бар деді Аида Балаева. Себебі жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру керек. Сондай-ақ, ведомство басшысы «Қоғамдық талқылау» заңнамасы қабылданатынын айтты. Жұмысшы жастарға биыл 3 мың жалдамалы пәтер беріледі. Жастар мен отбасы саясаты, руханият бағытындағы шаралар, жат діни ағымға ергендер үшін үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу