Бельгияда AstraZeneca компаниясына қарсы сот ісі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда AstraZeneca компаниясына қарсы сот ісі басталды

26.05.2021

Бельгияда AstraZeneca компаниясына қарсы сот басталды. Еуро Одақ оны коронавирусқа қарсы вакцинаны уақтылы жібермеді деп айыптап отыр. Келісімшарт бойынша маусымның соңына дейін жеткізілуі тиіс 300 миллион доза екпенің бүгінде 100 миллионы ғана келген. AstraZeneca мұны өндірістегі қиыншылықтармен түсіндіріп отыр. Осыдан кейін Брюссель келісімшарт мерзімін ұзартпайтынын хабарлап, Pfizer/BioNTech екпесінің 900 миллион дозасын сатып алатынын жариялады.

Ал, Жапонияда Олимпиада ойындарын өткізу-өткізбеу туралы пікірталас күшейді. Елде күніне 4 мыңдай адамнан «ковид» анықталып отыр. Тұрғындардың 5 пайызы ғана екпе алған. Дәрігерлер жарысқа шетел азаматтарының келуі жағдайды қиындатады дейді. Арнайы жүргізілген сауалнама бойынша, азаматтардың 40 пайыздан астамы шараны өткізуге қарсы. Токио ойындарының ірі ресми серіктесі – Asahi Shimbun газеті де олимпиададан бас тартуға шақырып отыр.

Жалпы әлемде коронавирус жұқтырғандар 168 миллионға жақындап, көз жұмғандар 3 миллион 485 мыңнан асты. Мұны АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті хабарлады. Жер шарында вакцина алғандар саны артып келеді. Бүгінге дейін 1 миллиард 707 миллионнан астам адамға екпе салынған.

Ал, Үндістанда «ковид» диагнозы қойылғандар 27 миллионнан асты. Вирусты жұқтыру фактілерінің тәуліктік көрсеткіші 200 мыңға дейін азайған. Алайда індеттен күніне шамамен 4 мыңдай адам қайтыс болып жатыр.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу