Өзін-өзі атқан тергеушіге қысым көрсетілген болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзін-өзі атқан тергеушіге қысым көрсетілген болуы мүмкін

25.05.2021

Павлодар облысының Железинка ауданыда, прокуратура дәлізінде өзін-өзі атқан аға тергеушіге қысым көрсетілген болуы мүмкін. Тергеушінің зайыбы осылай деп мәлімдеді. Зардап шеккен 29 жастағы Рахым Оңбаев Полиция бөлімінде бірнеше жылдан бері қызмет еткен. Зайыбы Ақмарал Аплашованың айтуынша аудандық прокурорға үш апта бұрын жаңа көмекші тағайындалған. Содан бері тергеушінің жұмысқа деген ынтасы жоғалыпты. Рахым Оңбаев зайыбына прокурор тарапынан қысым көріп жүргенін, әріптестеріне де жұмыс істеу қиындағанын бірнеше мәрте айтыпты.

Ақмарал Аплашова тергеуші Р. Оңбаевтың зайыбы:
Демалыс күні зайыбымды прокуратураға шақырды. Сенбі, жексенбі күні олар жұмыс істемейді ғой. Барса прокурор Кәрім Шұғаев пен көмекшісі Әлібек Айтжанов арақ ішіп отыр екен. Содан прокурордың көмекшісі жолдасыма жұмыс бабы бойынша қысым көрсетіп, жәбірлеуге дейін барған. Біз өз-өзіне қол салуға мәжбүрлеу дерегі бойынша арыз жаздық. Егер іс әділ тергелмесе Президентке шағымданамыз.

Табелдьдік қарудан оң жақ иығын жарақаттаған тергеуші қазір ауруханада. Операция жасалды. Жағдайы қалыпты. Ресми емес дерекке қарағанда ол алдымен тапаншаны қабырғаға кезеп атқан. Оқшантайдағы соңғы оқты өзіне бағыттапты. Облыстық прокуратура бұл іске қатысты ешқандай мәлімет бермеді.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу