Түркия туризм саласына жаңа ереже енгізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия туризм саласына жаңа ереже енгізді

24.05.2021

Түркия келер айдан бастап туристік маусымды ашатын болды. Туристерге он күн бұрын шекараларын ашқан Испания, Грекия сияқты елдермен бәсекелесу үшін Түркия тіпті ПТР тестті де алып тастамақ. Тағы нендей өзгеріс барын әріптесім Айдос Әшімұлы тарқатып айтсын.

Айдос Әшімұлы, тілші:
Пандемияға дейінгі 2019 жылы Түркияға 52 млн адам келген. Ал былтыр бар жоғы 16 млн адам саяхаттап келіпті. Коронавирустың кесірінен шығындары көбейген туризм саласындағы кәсіпкерлер үшін бұл өте аз. Осы олқылықтың орнын толтырып елге туристерді көптеп тарту үшін Түркия ешқандай тестсіз, вакцинасыз туристерді қабылдай бастады.

Дегенмен бұл талап халқының басым бөлігін вакциналап, карантиндік шектеулерді алып тастаған бірқатар Еуропа елдері үшін ғана.

Мехмет Нури Ерсой ,Түркияның Мәдениет және туризм министрі: 
Біз үшін туристердің қауіпсіздігі басты назарда. Сондықтан қолымыздан келгеннің барлығын жасауға әзірміз. Егер қандай да бір турист вирус жұқтырғаны анықталса, оны тегін емдеп, билетін тегін ауыстырып береміз. Карантин аяқталғанша отбасы мүшелерінің отельде тегін тұруына да мүмкіндік жасаймыз.

Ал Түркиядағы қонақ үйлер бұл сертификатты алу қосымша шығын болғанымен турист тартудың ұтымды жолы осы екенін түсініп отыр. Себебі туристер қонақ үй таңдағанда бұрынғыдай алдымен қызмет көрсету сапасына емес, вирустан қаншалықты қорғалғандығына мән беретін болған.

Сурури Чорабатыр,    Түркия қонақ үйлер қауымдастығының төрағасы: 
Туризм секторы кез келген тығырықтан шығар жол табуы тиіс. Сонда ғана дамиды. Біз министрлік қойған талаптардың барлығын ескере отырып, демалушыларымыздың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып отырмыз. Бұл талаптар қызмет көрсету деңгейін бұрынғыдан да жоғарыға көтерді.Маусым айынан бастап елімізге туристердің алғашқы легі келе бастайды деп күтіп отырмыз.

2019 жылы Түркияға Қазақстаннан демалуға 500 мыңға жуық адам келген. Яғни отандастарымыз ең көп демалатын осы ел. Түркиялық мамандар туристердің денсаулығына баса мән беретін «Қауіпсіз туризм» бағдарламасы аясында биыл елге кемінде 30 млн турист келеді деп болжап отыр. 

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу