Қаражарлықтар ауылдың іргесінде құм қазатын карьерлердің кесірінен мал жая алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаражарлықтар ауылдың іргесінде құм қазатын карьерлердің кесірінен мал жая алмай отыр

23.05.2021

Ақмола облысы Қаражар ауылының тұрғындары хабарласып, ауылдың дәл іргесінде құм қазатын карьерлердің кесірінен мал жая алмай отырғандарын айтты. Қостанай облысында болған осыған аздап ұқсас оқиға туралы біз бірнеше материал бергенбіз. Онда карьердің ауылға тым жақын екеніне шағымданған. Ал «халық үнін естіген» аудан әкімінің орынбасары «кәсіпкерге кедергі келтірді» деп айыпталып, сотталып кеткен еді...

Жалпы, жайылым проблемасы ушығып тұрған уақытта ауыл іргесінен карьер қазу сияқты әрекеттер мәселені тіпті асқындырып жібереді. Ауыл тұрғынынің сөзі біреу: өз күніңді өзің көр дейді, өз күнімізді өзіміз көрейік – бірақ жайылым қайда?

Қаражар ауылына Азамат Алдоңғар барып, екі тараппен де сөйлесіп қайтты. Репортажы.

Азамат Алдоңғар, тілші:
Елордадан небары 15-20 шақырым жерде орналасқан Қаражар ауылының әу баста 80 түтіні болған. Қазір соңғы есеп бойынша үйлердің саны 1800-ге жететін көрінеді. Осы шағын ғана ауылдың айналасында бір емес бес құм карьері бар. Ең соңғысы міне біздің артымызда қазылып жатқаны. Сол бес түрлі карьердің соңында бес түрлі серіктестік тұрағанымен бірақ арғы жағында тұрған адам біреу дейді.

Қаражар ауылының бұрынғы атауы Социалистік Қазақстан. Кейіпкеріміздің әкесі туған ауылының құрметіне ұлының есімін Қазақстан деп қояды. Қазақстан Балтиновтың балалары мен жиырмадан астам немересінің барлығы қолында. Соларға деп азын-аулақ мал жиған. Бірақ күн өткен сайын мал ұстау қиындап бара жатқанын айтады.

Қазақстан Балтинов, Қаражар ауылының тұрғыны:
Жағалай орман қылып тастады. Ауылдың малдары тал жеп күн көрсін деді ма? Білмеймін үкімет қалай ойлап отырғанын. Талды да егіп жатыр, бір жақтан қазып та жатыр. Осы біздің құм болмаса астана салынбаушы ма еді? Қалай ойлайды білмеймін мен.

Мәселе мынада. Ауыл елорданың жасыл белдеуінің шекарасында отыр. Малы орманға түскен шаруаға айыппұл салынады. Қарсы бетте Қорғалжын тас жолы. Жолға шыққан талай мал жазым болды дейді шаруа. Кең жер көлдің арғы бетінде ғана. Алайда елорданың құрылысы басталғалы заңдысы бар, заңсызы бар жер қопару бір тоқтамаған. Онсыз да тар жайылымның қақ ортасынан басталған кезекті карьер ауыл тұрғындарының сабырын әбден сарқыған.

Қаражармен қоса бірнеше ауыл құрамына кіретін ауылдық округтің әкімі шешім қабылданған жиналысқа қатысқандардың басым көпшілігі жаңадан қоныстанған азаматтар болғанын растайды. Дегенмен өңірлік газетке хабарландыру берілді, қатысам деушілерге есік ашық болды, деп жалғастырды.

Саят Каханов, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
Қатысқан адамдардың көбісі жаңадан көшіп келген адамдар. Қатысқан адамдардың ішінде 17-сі қарсы болып шықты, 70-і қолдады. Карьер ашуға қарсылығын білдірген жоқ. сондықтан құжаттардың барлығын жинап қолдарына бердік.

Әрі қарай не болғаны біздің шаруамыз емес дегенге келетін әңгіме айтады әкім. Өйткені жер қойнауын игеру туралы шешім облыс орталығы Көкшетаудың кабинеттерінде қабылданған.

Ауыл азаматтары карьер басына тағы келді дегенді естіп көп ұзамай компания өкілі де жетті.

Жұмабай Тоқпанов, Қаражар ауылының тұрғыны:
Жылда осы. Ана жерден бір қазады, мына жерден бір қазады. Халықтың тыңдауы жоқ, сырттан қол қояды да осылай шаруа болып жатыр. Халықты керек те қылмайды қазір.

Ниетіміз түзу, құжатымыз түгел деген кәсіпкерлерге ауыл тұрғындарының сенбеуінің өз себептері бар. Өзін заңгермін деп таныстырған Ерлан есімді азамат бір құжаттарда директор ретінде жазылған.

Осыдан кейін карьер басына тағы бір директор келді.

Басшысын қолдауға тырысып сөз алған азамат компанияның екінші заңгері. Кезекті рет құжаттардың заңды екенін айтқан ол, ауыл тұрғындарына еріп карьерге келген бізді «қаматамыз» деп қорқытуға көшті.

Еркебұлан Сағынаев, «Ернайза карьер» ЖШС заңгері:
Целиноград ауданы әкімінің орынбасарына кірдім. Мен айттым, осы қағазды көрсеттім, бәрін айттым. +егер ауыл келіп, қорқытып нетіп жатса опер группа шақырыңдар дейді 102 звондап. Біз шақырдық опер группа келе жатыр. Қазір сіздерді де алып кетеді, бәрін алып кетеді.

МӘТІН: Бұл заңгердің қысқа әңгіменің арасында ойланбай айтқан жалғыз сөзі емес.

Қызық деталь. Карьерге рұқсат беретінн құжатта компанияның директоры ретінде осы Еркебұлан Сағынаев деген азамат көрсетілген. Сонымен кім директор өзі? Қос заңгердің басын біріктіретін карьер ғана емес көрінеді. Ауыл азаматтары бірнеше жыл бұрын Целиноград ауданы әкімдігінің лауазымды қызметкерлері болған Бариев пен Сағынаев жер телімдерінің құжаттарын заңсыз жасау бойынша атышулы қылмыстық іске қатысы болғандарын айтты. Бұл мүлдем бөлек әңгіме, десек те маңызды деталь. Ал ауыл азаматтары карьерге рұқсат берген қаулыны заңсыз деп тану үшін Бас прокуратураға хат жолдаған.

Жасұлан Айдрахманов, Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
Кәсіпкердің қолында карьер қазуга қажетті құжаттардың барлығы болғанын ескерсек, оның қайсібірінің күшін жою үшін азаматтар сотқа жүгіну керек.

Мал-жанын тастап сот жағалауға мәжбүр болған шаруаның күйі қандай аянышты?! Қынжылтатыны - тоқырау кезінде алған жер пайларын кешегі пысықайлар, бүгінгі тырнақша ішіндегі мықты кәсіпкерлерге білместікпен беріп қойған ауыл тұрғындарына соңғылары үлесін сүйек тастағандай бұлдайтыны.

Саят Каханов, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:
 Землепользовательдер дейміз ғой, үш-төртеуімен келісіп меморандумға отырып, бұл жер иеленушілер тегін халыққа жайылым жерлерін беріп тұр.

Себебі жер иеленушілер ауылда тұрмайды, мал өсірмейді, егін екпейді. Реті келсе «карьер қаз» деп жерді жалға береді. Ал сақал сипап қалған ауылдағылар...

Қазақстан Балтинов, Қаражар ауылының тұрғыны:
Шабындық пен мал жайлайтын жерге тиіспесе үкімет. Одан басқа сұрайтынымыз жоқ.


Хабарламаларға жазылу