Баянауылда 12 ауылдың бірде-бірінде су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баянауылда 12 ауылдың бірде-бірінде су жоқ

21.05.2021

Баянауылда былтыр 12 ауылға ауыз су жеткізу үшін 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ солардың бірде-бірі осы күнге дейін орталық құбырдан су іше алмай отыр. Ал, 7 елді мекенде құрылыс қағаз жүзінде ғана аяқталған. Шала-шарпы құрылыстың ақшасын түгелдей төлеп тастаған жергілікті әкімшілік енді мердігерлерді таба алмай әлек. Амалы қалмаған тұрғындар арнамызға шағымданды.

Құндыкөл ауылында су құбырын тарту үшін қазылған шұңқырлар екі жылдан бері осылай ашық –шашық күйде жатыр. Сәл жаңбыр жауса балшық езіліп, ауыл іші ми батпақ болады. Бәрінен бұрын терең қазылған ор мал-жанға қауіпті болып тұр.

Телкен Ақбаев, Құндыкөл ауылының тұрғыны: 
Қыстың күні қазып-қазып кетті. Қайта міне халықтан сескенгенінен кейін, малдары құдыққа түсіп мерт болып отырғаннан кейін өздері келіп жауып-жауып тастады.

Ал, жабылмаған жерлерде малдың өлексесі со күйі жатыр. Оны тазалап жатқан ешкім жоқ.

Марат Мұқышев, Құндыкөл ауылының тұрғыны: 
Ашық, тесік осылай. Өлексе тасталып отыр. Бас магистральге ескі су, сасық су кетіп отыр, Оны қалай тазалайтынын білмеймін енді. Бұл су қашан келеді енді? Осы ауыз суға қарап отырмыз ғой енді қашан бітіреді деп.

Екі жылдан бері ауыл халқы бір тамшы су татпаса да, аудандық құрылыс бөлімі аяқсыз қалған жобаны былтыр қабылдап, иелігіне алған. Ізім- қайым кеткен мердігерді ауыл әкімі іздеп таппаған, бірақ жауапты мамандар жұмыс аяқталған деп бой бермей отыр.

 Әділет Серік, Баянауыл аудандық әкімшілігінің экономиканың нақты секторы бөлімінің бас маманы: 
Орындалған жұмыстар бойынша мердігерлердің 100 пайыз жұмыстарына қаражат төленді. Мердігерлерге қаражат бойынша, өздерінің орындалған жұмыстары бойынша төленіп, яғни қолданысқа беру актілері алынған.  Бүгінгі күні жұмыстар толықтай орындалған.

Құндыкөлден бөлек тағы алты ауылда дәл осындай жағдай. Мәселен Жаңажол ауылында күн суықта қатып қалады деп қыста су бермеген. Жаз келді, бірақ су әлі жоқ.

Қалиақпар Асылбеков, Жаңажол ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы: 
30 пайызы біткен жоқ жұмыстың. Әлі тегістелген жоқ көшенің бәрі. Мынау өте қате нәрсе. Үкімет ақшасын береді екен, бергеннен кейін оны қадағалау керек қой дұрыстап. Мынау топыраққа көміп, лақтырып отырған ақша.

Миллиардтаған ақша жұмсалғанымен, халықтың игілігіне жарамаған жоба әзірге аяқсыз қалды. Жергілікті атқамінерлер алдағы үш аптада жеті ауылға да су жеткіземіз деп сендірді. 

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу