Жамбыл облысында толассыз жауған жауынның соңы селге ұласып, тау бөктеріндегі бірнеше ауылға қауіп төнді. Қызыл су Тұрар Рысқұлов ауданындағы Өрнек, Мамай-Қайыңды және Ақыртөбе елді мекендеріндегі 11 үйдің ауласын басып қалды. Ал, Сәлімбай ауылының кіреберісіндегі көпірдің бетін шайып кетті. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Оқиға орнынан Сәбит Әлдебайдың материалы.
Таудан аққан сел ауылдың шетінде тұратын Мырзабек Батырбековтың қора жайына кірген. Екпіндей аққан су ауладағының бәрін ағызып әкеткен. Қазір суға кеткен дүниесін түгендеу үшін жердің кепкенін күтіп отыр.
Тасыған лай су ауылдағы ондаған үйдің ауласын басып өткен. Бірақ, ешбірінің қора жайы қирамапты. Тек ауылға жақын маңдағы өткелді бұзып кеткен.
Сәбит Әлдебай, тілші:
Тау бөктеріне толассыз жауған жаңбырдың соңы селге ұласып, судың деңгейі мына мен тұрған жерге дейін жеткен. Тоқтаусыз аққан қызыл су Сәлімбай ауына жақын маңдағы мына көпірдің топырағын шайып кетті. Қазір мұнда жөндеу жұмыстары жүруде.
Ауыл атқамінерлері өткелді бүгін жөндеп бітеміз дейді. Сондықтан, ауылға апаратын жалғыз көпір қалпына келтірілгенше жүк көліктеріне өтуге рұқсат жоқ.
Бауыржан Ақүрпеков, Өрнек ауылдық округінің әкімі:
Қазір ҚұланЭнерго ЖКХ бөлімі бар, құлан тазалығы бар сол мекемелер келіп көмек көрсетіп жатыр. Бүгін кешке дейін қалпына келтіріледі. Өйткені көпірдің асты ойылып кетті. Үлкен техникаларды жіберсе шығын болып кете ме деп тоқтатып қойдық.
Қазір қауіп сейілген. Қызыл су жүрген ауылдарға жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен бөлек 25 құтқарушы мен 9 арнайы техника жұмылдырылды.
Сәбит Әлдебай