Президент Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

21.05.2021

Пандемия экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Бүгін Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестеріне алыс-берісті көбейтіп, кедергілерді азайту керек деген мәселені көтерді. Әлемді індет жайлағалы тауар алмасуда түрлі шектеулер көбейді. Енді елдердің әл ауқатын жақсарту үшін экспорт пен импортты еселеп арттыру маңызды. Ал вирустың әлегінен құтылу үшін вакциналау жұмысына ерекше мән берген жөн деді мемлекет басшысы. Бірнеше елдің президенті қатысқан алқалы жиында көтерілген өзге де маңызды мәселелер жайлы тілші материалында.

Кеңес төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі пандемияның салдарына тоқталып, алдағы уақытта бірлесе атқаратын шаруаларға баса назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Пандемиямен күрес кезінде қабылданған шаралар жаһандану процесін үзіп, экономикалық әлемдегі құрылымды өзгертті. Қиын жағдай әлемнің ірі экономикалары арасындағы сауда-экономикалық қақтығыстармен күрделене түседі. Осы ретте әлемдік қоғамдастық неғұрлым күрделі мәселелерге тап болды. Індет денсаулық жүйесінің және жаһандық-әлемдік экономиканың әлсіз тұстарын көрсетіп берді.

Иә, коронавирус көп салаға соққы болғанымен, фармацевтика, медицина, цифрлық технологиялардың дамуына серпін берді. Ал ковидтан вакцинаны алғашқылардың бірі болып көршіміз ресейліктер шығарды. Көп ұзамай Қазақстан да өз вакцинасын өндіріске қойды. Мемлекет басшысы экономикалық дамуды қалпына келтіру үшін жаппай вакциналаудың маңызы зор екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз халықтың арасында ауру жұқтырудың тоқтату үшін бар күш-жігерді салып жатырмыз. Бұл ең алдымен жаппай вакциналаумен байланысты. Осы жылы ақпан айынан бастап Қазақстанда халықты ресейлік «Sputnik V» екпесімен вакциналау белсенді жүріп жатыр. Ресейдің көмегінің арқасында біздің елімізде осы препараттың өндірісі жолға қойылды. Бұл табысты, ғылыми-өнеркәсіптік кооперацияның жарқын мысалы. Біз қосымша отандық QazVac вакцинасын шығардық. Осылайша Қазақстан вакцина шығарған 10 мемлекеттің бірі болды.

Сауда - экономиканы дамытатын басты құрал. Алайда одақ елдерінде кедергілер көп. Бұған карантин талаптары да өз салқынын тигізді. Президент шектеулерді мейілінше азайтып, шекаралық сауда-экономика алаңдарын дамытуға шақырды. Мәселен қазір Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен жобаны қолға алып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ол Орталық Батыс Еуропа-Батыс Қытай стратегиялық автомагистралінің бойында орналасады, сондай-ақ транзиттің өзара саудасының өсуін қамтамасыз етеді және өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Одақ аясында сауда-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары жүйесін құру да үлкен маңызға ие. Мұндай жүйе біздің елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Суэц каналындағы оқиға сауда жолдарының әлсіздігін және олардың әлемдік саудаға әсерін айқын көрсетті. Бұл орайда Еуразия елдері өздерінің транзиттік әлеуетін толығымен іске асыруы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік артерияларының трансшекаралық бөліктерін жаңғырту жөніндегі жұмысты қайта жеделдетуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Атап айтқанда, ЕАЭО-ның бүкіл аумағында Батыс Еуропа - Батыс Қытай автомагистралін қайта жаңартуды аяқтау қажет. Бүгінгі күннің негізгі үрдісі - онлайн-сауданың қарқынды дамуы. Ол дәстүрлі дүкендерді біртіндеп ығыстырып жатыр.

Кеңестің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ел басшыларын бірнеше мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Коронавирус пандемиясымен келген экономикалық дағдарыс біздің интеграциялық бірлестігіміздің беріктігінің сынағына айналды. Қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шығып отыр. Бұл азық-түлік, дәрі-дәрмек, цифрлық және қаржылық инфрақұрылым сияқты бірнеше саланың кең ауқымын қамтиды.

Әлем жақын арада азық-түлік тапшылығын сезінуі мүмкін. Назарбаев осы орайда одақ елдерінің зор әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысында азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы соңғы үш жылда ең жоғары болды. Осы жылдың басынан бастап әлемдік азық-түлік бағасының индексі 116 тармақты құрады. 2030 жылға қарай азық-түлікке сұраныс кемінде 35 пайызға артатындығы күтіледі. Бұл алаңдатарлық тенденция. Біздің елдеріміздің әрқайсысы азық-түлік тауарлары өндірісінің көлемін арттыруға қажетті әлеуетке ие. Дегенмен, ішкі нарықты қорғау жөніндегі шектеу іс-шаралары агроөнеркәсіп кешенінің дамуын тежеп, азық-түлік тапшылығына алып келуі мүмкін.

Жиын барысында Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанның басшылары сөз сөйледі. Александр Лукашенко келесі кездесу онлайн емес дәстүрлі форматта өтсе деген ниетін білдірді. Айтпақшы мемлекет басшыларының келесі жиыны қазан айында Минскіде өтеді деп жоспарланған.

Шерхан Жамбылұлы 


Хабарламаларға жазылу