Түркістан облысындағы 5 елді мекенде жер дауы ушығып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы 5 елді мекенде жер дауы ушығып тұр

20.05.2021

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы бес елді мекеннің тұрғындары «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігіндегі 16 мың гектар жерді даулап, қайтара алмай жүр. Ауыл халқының айтуынша, жаппай жекешелендіру кезінде алқаптар ауыл шаруашылығы министрлігінің қарауына өтіп кеткен. Содан бері әр түрлі мекеме жерге қожа болып, бүгінде мал жаятын жер қалмаған. Тынысы тарылған елдің бүгінгі жағдайын тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.  

Бүгінде Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты бес елді мекеннің тұрғындары арасында жер дауы әбден өршіген. Жергілікті халық құнарлы, егістік және жайылымдық жерге таласып, өзара жаға жыртысуға дейін баруда. Әу баста тұқым шаруашылығымен айналысқан ауылдың жері үш жыл бұрын «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының меншігіне өткен. Бұл мекеме жерді 5 кооперативке бөліп, халыққа жалға беріп келеді. Алайда мұндай шешімге тұрғындардың келіскісі жоқ.  

Әмір Әбдірәсілов, Алтынтөбе ауылдық округінің тұрғыны:                                   
Отбасымыздың жағдайы нашар, балаларымыздың бәрі қалаға қаңғып кетті бәрі. Жұмыс жоқ, тек больница мен мектеп бізде. Басқа ешқандай жұмыс жоқ. Мына жерді алып егейін десек, жеріміз де жоқ. Енді не істейміз?
Ермахан Бәйте, Қалжан елді мекенінің тұрғыны:
Бұл жерде СПК бір нәрсесін де пайдаланып жатқан жоқ. Жаңағы бес кооперативке бөліп берген, 2014 жылы жерді алғаннан бері де ауыспалы еігістік жасаған емес ешқандай. Жерді біз көрсетіп тексерткенімізде өте төменгі деңгейге жеткен.

Яғни, кооперативтер халыққа жерді пайдалануға толық мүмкіндік бергенімен, ебін тапқандар екі асап жатыр дейді жергілікті жұрт. Айтуларынша, жайылымдық жерді егістікке, егістікті жайылымға айналдырған. Соның кесірінен ауыл шетінде мал жаятын жер қалмаған. Ал, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылары болса жерді бөлгенде ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткіздік дейді. Бірақ ендігі мәселені корпорация емес, облыс әкімдігі шешуі тиіс деп отыр.

Олжас Көпбаев, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» басқарушы директоры:
Ол уәждері бойынша біздің жалғыз акционеріміз бар Түркістан облысы әкімдігі. Ол ұжымдық атқарушы орган болғандықтан осы сұрақ олардың қарауына берілді.

Айта кетейік, сегіз мың тұрғыны бар Алтынтөбе ауылына тиесілі жерлердің 9 мың гектардан астамы егістік алқаптарға бөлінген. Қалғаны жайылым. Жергілікті жұрт Әлеуметік кәсіпкерлік корпоарацияның меншігіндегі жерді аудандық қорға өткізіп, шартты үлесімізді қайтарсын деп алған беттерінен қайтпай отыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу