Семейде 100 ден астам үй тұрғындары қаланың қақ ортасында тұрса да қара суға жарымай отыр. Халық тіршілік нәрін тасып ішкелі ширек ғасыр болған. Төзімі таусылған тұрғындар базынасын біздің арна тілшілеріне жеткізді.
Нахаловка аталатын аудандағы ең ұзын, осы Береговая көшесі. Ауылда емес, қалада тұрып суды шелектеп тасудан әбден шаршадық дейді жұртшылық.
Тоқтарбек Шәкеев, қала тұрғыны:
Таза суға, міне, 25 жыл болды, қолымыз жетпей отыр. Маңайда әр жерде колонкалар болған. Кейінен ол колонкаларды алып тастады. Қазір ешқайдан тасып ішетін мүмкіндігіміз жоқ.
Көше бойында тұратындардың көбі - зейнеткерлер. Шамасы келгені, құдық қазып, су шығарып алған. Бірақ ол ішуге жарамсыз. Алайда алыстан таси алмайтындар, амалсыздан қолданып келеді.
Тұрсынхан Жұматаев, қала тұрғыны:
Мысалы сабын іріп кетеді. Белгілі нәрсе ғой. Лаборатория шақырып керегі жоқ. Ыдыс-аяқ жуғанға болмаса басқаға жарамайды. Ішуге ол мүлдем келейді. Қақ.
Тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары тұрғындардың судан тарығып отырғанынан бейхабар болып шықты. Бірақ, мәселені жеделдетіп шешуге кірісеміз -деп сендірді.
Құралай Дүйсенбаева, ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
Береговаядан басқа 2-ші Стальская, Береговая көшесі бірнеше тұйық көшеге бөлінеді. Оның бәрін қамтамасыз ету үшін қазір есептеме жасап жатырмыз. Осы есептеме жасалып біткеннен кейін, бюджеттік өтінім тапсыратын боламыз.
Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін жобалық-сметалық құжат дайын болады. Ал жалпы қала бойынша бір ғана емес, бірнеше ауданда ауыз су мәселесі өзекті.
Ержан Жақып