Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу тетіктерін зерттеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу тетіктерін зерттеп жатыр

18.05.2021

Ұлттық банк – ұлттық төлем жүйесін дамытып жатыр. Цифрлық теңге соның жалғасы, ірі жоба. Бұл үздіксіз ақша аударымын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қаржы нарығына қатысушыларға инновациялық өнімдер өндіруге мүмкіндік береді. Бастысы салыстырмалы түрде төлем жүргізу арзан.

Цифрлық теңге – тәуелсіз. Яғни, банктердің жұмыс кестесіне байланбаған. 24 сағат, 7 күн транзакция жасалады. Интернетсіз де есеп айырысуға болады. Қаражатты басқару мүмкіндігі зор. Ал, қазір ақша аударымы бір банктік жүйеде ғана қолайлы. Бірақ енді бұл шектеу жойылмақ. Тіпті трансшекаралық төлемдер жасау да арзанға түседі.

Олжас Төлеуов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі:
Транзакциялық, технологиялық шығындар төмендеген сайын сол төлемнің бағасы да төмендейді. Яғни банк аралық, басқа нарық қатысушылары аралық төлемдердің құны төмендейді де комиссиялары төмендейді.

Ұлттық Банк цифрлық валютаны реттеу тәсілдерін зерделеп жатыр. Себебі, тиімділігімен қатар тәуекелдері де бар. Жүйені енгізерде кем-кетік түгел ескеріледі.

Олжас Төлеуов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының кеңесшісі:
Сол тәуекелдерді айтып өтсек, олардың 3 түрі бар. Киберқауіпсіздік, екіншіден жеке деректердің құпиялығына қатысты тәуекел. Үшіншіден, макроэкономикалық әсерге қатысты.

 Бұл криптовалюта емес. Себебі, цифрлық теңгенің айналымы қадағаланады және массасының көлемі реттеліп отырады. Ұлттық банк өзі шығарады, төлем жүйесі ретінде заңды мәртебе беріледі және резервпен қамтамасыз етіледі.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу