Түркістанда әкімдіктің ғимараты арзан бағаға сатылып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда әкімдіктің ғимараты арзан бағаға сатылып кеткен

18.05.2021

Түркістанда қалалық әкімдіктің ғимараты нарықтағы құнынан әлдқайда арзанға сатылып кеткен. Тексеріс жүргізген рокуратура сауда-саттық кезінде заңсыздықтарға жол берілгенін анықтады. Қаланың қақ ортасында орналасқан нысанды жергілікті билік бастан аяқ жөндеп, артынша жарты бағасына өткізіп жіберген. Сөйтіп өздері ғимаратсыз қалған.Қала әкіміне 4 қабатты еңселі ғимаратты сатуға не түрткі болды? Өңірлік тілшіміз Айнұр Ақбаева зерттеп көрді.

Айнұр Ақбаева,   тілші:
Түркістан қаласының орталық Есім хан алаңында орналасқан әкімдік ғимараты 4 қабатты, аумағы екі жарым мың шаршы метрден асады. Ғимаратты әкімдік осыдан үші жыл бұрын 257 миллион теңге жұмсап, бастан аяқ жөндеп шығады. Арада көп уақыт өтпей қала әкімі қаулы шығарып, зәулім ғимаратты небәрі 313 миллион теңгеге сатып жіберген.

 Еңселі нысанды электрондық сауда-саттық негізінде көкшетаулық 74 жастағы зейнеткер сатып алған. Алайда қалалық прокуратура ғимаратты жекешелендіру кезінде көптеген заңсыздықтарды анықтаған. Яғни,әкімдік ғимаратының іші сатылмай жатып-ақ қонақүйге ыңғайластырылып бұзылған. Сондай-ақ, сот кезінде бұл ғимараттың нарықтағы құны 438 миллион теңге деп бағаланған. Ал, ішіндегі бүлінген дүниелерді қалпына келтіруге тағы 146 миллион қажет деп тапқан.

Нарбек Мықтыбаев, Түркістан қалалық прокуратурасының аға прокуроры:                                                     Ғимаратты бағалау жұмыстары жүргізілмей жатып, сатып алатын тұлға анықталмай жатып, ішкі құрылыстың элементтерін бұзу жұмыстары басталған. Осыған байланысты ғимараттың бағалау құны 29 пайызға арзандатылуына алып келген.

Сондықтан қадағалаушы орган қала әкімінің қаулысы негізсіз деп экономикалық сотқа талап арыз түсірген. Кейін сот шешімімен қаулының күші жойылды. Сөйтіп әкімдік ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылатын болды. Алайда бұл шешіммен ғимаратты сатып алған көкшетаулық зейнеткер келіскісі жоқ.

Құлбибі Бектасова,   кәсіпкер:
Мен келіспеймін, заңсыздық ешнәрсе жасаған жоқпын. Бәрі заңды түрінде.  Келгеннен кейін аппеляцияға береміз, тоқтаймыз. Болмаса республикалық сотқа барамын.

Соттың шешіміне түркістандық шенеуніктер де келіспей отыр. Шаһар басшысының айтуынша, ғимарат заң аясында сатылған. Ал, тым арзанға бағаланғаны - нысанның ескілігінен дейді.

Рашид Аюпов,  Түркістан қаласының әкімі:
Түркістан қаласында өтетін САММИТ-ке сәйкес қонақүйлердің жетіспеуіне байланысты сол жерде қатарынан туристерге арналған орын болса деген тапсырма болған ұсыныс беру бойынша облыс әкімдігінен. Соған сәйкес сондай шешім қабылданып, саудаға қойылды.

Сондықтан әкімдіктегілер қаулыны қайта қарау туралы жоғары сотқа талап арыз түсіремек. Қазір сатылып кеткен ғимарат бастан аяқ жөнделген. Бірақ есігі жабық тұр. Ал, қаланың шенеуніктері бұрынғы мұражай ғимаратында отыр.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу