Ұлыбританияда жұмыссыздық деңгейі төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда жұмыссыздық деңгейі төмендеді

18.05.2021

Ұлыбританияда карантин талаптары жеңілдетіліп, жұмыс орындары қайта ашылып жатыр. Осыған байланысты, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға төмендеген. Сәуірден бастап жұмысқа қабылдау көрсеткіштері де тұрақты өсіп келеді. Экономистердің мәлімдеуінше, оған мемлекеттің жұмыс орындарын сақтап қалуға арналған бағдарламалары себеп.

Ал Жапонияда фотоаппараттар шығаратын Fujifilm компаниясы коронавирустың жаңа түрлерін анықтайтын жинақ шығаруды жоспарлап отыр. Ол мутацияланған вирусты шамамен 100 минутта анықтап береді. Тест үндістандық штамм сияқты жылдам өзгеретін вирус түрлерінің таралуын дер кезінде тоқтатуға сеп болады дейді мамандар.

Жалпы әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 164 миллионға жақындап, 3 миллион 400 мыңдай адам көз жұмды. Вакцина алғандар 1 жарым миллиардқа жақындап қалды. Мұны АҚШ-тағы Джонс Хопкинс Университеті хабарлады. Вирус жұқтырудан бірінші ондыққа Құрама Штаттар, Үндістан, Бразилия, Франция, Түркия сияқты елдер кірді. Үндістанда өткен тәулікте қауіпті індет 281 мың тұрғыннан табылған. Бірақ, соңғы 24 сағатта коронавирустан қайтыс болғандар 4 мыңнан төмендемеді. Медициналық сарапшылар бұл елде пандемия шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ деп есептейді. Және коронавирус жұқтырғандар ресми мәліметтерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Өйткені көптеген елді мекендерде тестілеу жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу