Елімізде коронавирус жұқтыру дерегі 20%-ға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирус жұқтыру дерегі 20%-ға азайған

18.05.2021

Елімізде екі миллионға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе алып үлгерді. Бүгін эпидемиологиялық ахуал жайлы Үкіметте есеп берген Денсаулық сақтау министрі вакцина жеткілікті, кестеге сай әкелініп жатыр деді. Ал індет жұқтырғандар едәуір азайған. Толығырақ тікелей байланысқа шыққан тілшіміз тарқатсын. Қайырлы күн Досжан. Елдегі эпиджағдай қалай? 

Досжан Маратұлы, тілші:
Алексей Цойдың айтуынша, ахуал тұрақты. Індет жұқтырғандар саны соңғы екі аптада 20 пайызға азайған. Көрсеткіш жақсарғанымен, еліміз әлі «сары» аймақта. Ал алты өңір: Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары «қызыл» аймақта. 

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ауру жұқтыру дерегі бойынша Қазақстан 221 елдің ішінде 105-орында. Аурухана төсектері – 36, реанимацялық орындар – 28%-ға толы. Ал коронавирусқа қарсы екпе екі миллионға жуық адамға салынды. Ал екінші компоненті шамамен 800 мың адамға егілді. 

Досжан Маратұлы, тілші:
Министрдің айтуынша, осы айдың соңында QazVac пен Hayat-Vax вакциналарының тағы мыңдаған дозасы жеткізіледі. Ал Үкімет басшысы вакциналау жұмыстарын күшейтіп, бірінші және екінші компонентті егу аралықтарын нақты анықтауды тапсырды. Ал әкімдіктер «Ashyq» жобасын қолдану аясын кеңейтуі қажет. Өйткені бұл бизнестің қайта жандануына мүмкіндік береді деді Асқар Мамин. 
Үкімет коронавирус

Хабарламаларға жазылу