Коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина сынақтан өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина сынақтан өтті

17.05.2021

Коронавирусқа қарсы тағы бір вакцина сынақтан сәтті өтті. Оны Францияның Sanofi компаниясы мен британдық GSK ұйымы бірлесіп жасаған. Клиникалық зерттеулердің екінші кезеңінде препарат инфекцияға 95-тен 100 пайызға дейін төтеп бере алатыны анықталды. Өндірушілер үшінші кезең де сәтті өтсе, екпе биыл күзде қолданысқа беріледі деп жоспарлап отыр.

Ал Еуропа вакцинация қарқынын арттырып, қалыпты өмірге орала бастады. Ұлыбританияда тұрғындардың 70 пайызы коронавирусқа қарсы екпе алған. Сондықтан, мейрамхана, кинотеатрлар мен музейлер ашылып жатыр. Ашық аспан астында 30 адамға дейін жиналуға болады. Мектептерде маска тақпауға рұқсат. Сонымен қатар, бүгіннен бастап шетелге саяхаттаушыларға да жол ашық. Алайда қызыл аймаққа жататын елдерден Ұлыбританияға келушілер карантиннен өтуі тиіс.

Сауд Арабиясы да шекарасын ашып, халықаралық әуе рейстеріне рұқсат берді. Ол үшін саяхаттаушылар коронавирусқа қарсы вакцина алуы тиіс. Саудия билігінің қаулысы бойынша, екпе салдырған шетел азаматтары карантиннен өтпейді. Ал соңғы алты айда «ковидтен» емделіп шыққан тұрғындар мен 18 жасқа дейінгі балалар екпе алмай-ақ сапарға шыға алады.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу