Алматыда коронавирус жұқтырған 115 бала ауруханада жатыр. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады. Жалпы, соңғы тәулікте мегаполисте 549 адамнан індет анықталды, 163 тұрғын стационарға жатқызылды. Ауруханалардағы 6 мыңдай орынның тең жартысына жуығы бос. Реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 226 адам ем алып жатыр.
Сондай ақ қалада 3 мыңға жуық адам QazVac екпесін алды. Жалпы, соңғы тәулікте 1700-ден астам тұрғын вакцина салдырып, екпе алғандардың саны 270 мыңға жетті. Олардың 30 мыңдайы 60 жастан асқандар дейді мамандар. Қазір шаһардағы медициналық ұйымдар мен мектептерде, мәдениет және спорт нысандарында егу орындары жұмыс істеп тұр. Базарлар мен сауда ойын-сауық орталықтарында да вакциналау пункттері бар, олардың жалпы саны - 214.
Нұрхан Нұрланұлы