Қостанай облысында бруцеллез анықталған сиырлар табында жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында бруцеллез анықталған сиырлар табында жүр

14.05.2021

 «Бруцеллез деген желеумен малымызды арзанға әкетіп жатыр». Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына қарасты Сатай ауылының тұрғындары осылай деп шу көтерді. Көпшіліктің зертханалық сараптама қорытындысына сенбеуінің себебі неде? Әріптесіміз Дәуренбек Әбдібек шалғай ауылға барып тараптарды тыңдап қайтты.

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
Бруцеллездің ошағы анықталған Сатай ауылы осы. Қазіргі өлшеммен алғанда бұл елді – мекен тіршілікке қолайлы. Аудан орталығы Ұзынкөлден 70 шақырым қашықта. Үлкен күре жолдың бойында тұр. Ауылда егін салатын бірнеше ірі шаруашылық бар. Мұның сыртында тұрғындар бес жүзден астам ірі қара ұстайды. Соның ішінде 24 сиырдан жұқпалы ауру анықталғалы мал иелерінен маза кетті.

Юля Козлованың алты сиырының бесеуінен бруцеллез анықталған. Алайда мал иесі талапқа көнбей, сиырын етке өткізуге бермей отыр. Себебі алғашында ауру малдың құжат бойынша сәйкестендіру нөмірі сәйкес келмеген. Қайыра тексеру күмәнді қоюлата түсіпті.

Юля Козлова, Сатай ауылының тұрғыны: 
18 наурызда алғаш сынама алғанда сау мал 4 сәуірдегі қайыра тексеруде ауру боп шықты. Ал керісінше алғашқыда бруцеллез деген сиырларымды енді сау деп отыр. Мұны қалай түсінуге болады?

Ал Қуантай Рахмановқа малынан алғашында сынама алмай тұрып «Бруцеллез анықталған екі сиырыңды етке өткіз» деп адамдар келіпті. Аң-таң болған ол жағдайды түсіндірген соң барып сынама алып, ақыры екі қарасынан ауру тапқан. «Амал жоқ заңға мойынсұнып малымды арзанға өткіздім» дейді.

Қуантай Рахманов, Сатай ауылының тұрғыны: 
Менің сиырым кемі 300 келі ет беретін. Аналардың таразысы 150 көрсетті, соңынан 190 деді. Сөйтіп сиырды 200 мыңға, қашарды 150 мыңға алдым. Ал мында мен бір сиырды 400 мыңға берер едім.

Облыстық ветеринария басқармасындағылар тексеру нәтижесінің дұрыстығына шүбә келтірмейді. Ал басында ауру малдың орнына сау малдың көрсетілуі жануарлардың сәйкестендіру нөмірін шатастырған ауылдағы жас маманның кінәсі деп отыр.

Бауыржан Бекет, «Облыстық ветеринария басқармасы» ММ басшысының орынбасары: 
 Юля Валентиновна деген кісінің малынан қан алады. Тексерген кезде бес иырдың үшеуі базада жоқ боп шыққан. Соны алады да осында тұратын Рахманов деген кісінің атына жазған. Сөйтіп лабораторияға өткізген.

Өрескел қателік жіберген маманға басшылары тек сөгіс берумен шектелген. Ал ауру анықталған 24 сиырдың осы уақытқа дейін тек 9-ы ғана етке өткізілген. Қалғаны тұрғындардың айтуынша табында жүр. Ветеринар мамандар мал иелері талапқа көнбесе, мәселені сот арқылы шешуге тура келеді деп отыр.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу