Қазақстан спортшылары Токио Олимпиадасына 53 жолдама жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан спортшылары Токио Олимпиадасына 53 жолдама жеңіп алды

14.05.2021

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлау «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 30 негізі» атты 30 жұлдызды күнмен түйінделеді. Соның аясында мәдениет ұйымдарының күндері басталады. Өнердің түрлі жанрындағы жаңа туындылардың тұсаукесері өтеді. ГЖыл бойы бұқаралық спорт пен ішкі туризмді дамытуға бағытталған, идеологиялық-мазмұнды және сапалы шаралар өткізу жоспарланған. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру жиынында айтты. 30 кинотуынды жобасы аясында, тәрбиелік сипаттағы тарихи, көркем және анимациялық фильмдерді әзірлеу жоспарланған. Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ұлы дала таңы» атты тарихи фильмінің тұсаукесері болады. Елорда күніне орай мәдениет және өнер қайраткерлері «Сәлем, Елорда!» деп аталатын фестивальге қатысады. Тарихи-мәдени нысандарға туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені ашылады. Ал Шығыс Қазақстанда «Абай жолымен» атты ақпараттық тур өткізу жоспарланып отыр.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында туризм саласында министрлік республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Туризмді дамыту бойынша жан-жақты жұмыс жалғасуда.

Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары ел намысын спорттың 30 түрінен қорғайды. Бүгінде еліміз спорттың 22 түрінен 53 лицензия жеңіп алды. Сондай-ақ, күзде мәдениет және архив саласының барлық деңгейдегі қызметкерлерінің жалақысын көтеру жоспарланған.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу