Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекет басшыларымен телефон арқылы тілдесті. Тараптар бір-бірін қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтады. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен әңгіме Орта Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, өзара байланысты нығайта түсу жөнінде өрбіді. Көрші елдің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Ал Эмомали Рахмонмен болған әңгіме барысында Тәжікстанға жоспарланған жұмыс сапарының жайы талқыланды. Президенттердің пікірінше, Душанбеде өтетін келіссөздер қазақ-тәжік ынтымақтастығын арттыра түспек.
Сондай-ақ Президент Түрікмен басшысы Гурбангулы Бердімұхамедовпен сөйлесіп, қазақ-түрікмен серіктестігі мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадқа жоспарланған іс-сапары екі ел арасындағы келіссөздерге оң әсерін тигізбек.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту бойынша пікір алмасты. Орталық Азиядағы ахуал мен Ауғанстан проблемасы туралы да сөз болды. Сондай-ақ, Шавкат Мирзиёевті биыл Қазақстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды.
Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевпен өзара сауда-саттықты ұлғайту, экономика саласында бірлескен жобаларды іске асыруға уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіндегі Қазақстанның бастамаларына қолдау көрсеткені үшін әзірбайжандық әріптесіне ризашылық білдірді.
Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен ауған еліндегі ахуалды бейбіт жолмен реттеу керектігін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл елді терроризмнен және заңсыз есірткі тасымалынан ада, бейбіт мемлекет ретінде қалыптастыру үшін Қазақстан әрқашан көмек қолын созуға дайын деді. Ашраф Ғани өз еліне гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қазақстан басшысына алғыс білдірді.
Ақниет Балтанова