Балқаш қаласының садақшылары саяжайда жаттығуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш қаласының садақшылары саяжайда жаттығуға мәжбүр

13.05.2021

Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының жас садақшылары жаттығуды саяжайда өткізуге мәжбүр. Себебі олар үшін арнайы ғимарат қарастырылмаған.

Жаттықтырушы Жұмағазы Мұхамеджанов шәкірттері үшін өзінің саяжайын амалсыз пайдаланып отыр. Бұрын садақ үйірмесі қаладағы мектептердің бірінің жертөлесінде өтетін. Кейін оған тыйым салынды. Бұл мәселені спортшылар сан мәрте айтып әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Алайда шешімін табар емес. Мергеннің шәкірттері соңғы 13 жыл бойы талай дүбірлі додаларда топ жарып жүр. Бірнеше спорт шеберін де тәрбиелеп шығарған.

Жұмағазы Мұхамеджанов, садақ атудан спорт шебері:
Спорт комитеті саласынан маған жарысқа баруға төлейді. Ал дамытуға, арнайы үйірме ашуға ешқандай көмек жоқ. Мен негізі ұлттық спорт орталығы деп сұрағанмын. Құсбегілік, садақ спорты, атбегілік, ұсталықты да қазір алып жүрміз. Бос уақытта балаларға балға ұрғызып, кездік, пышақ жасатып, қамшы өргіземін.
Наталья Темірбаева, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
Балқаштық жаттықтырушыға бұған дейін қаладағы жасөспірімдер спорт мектебінен жұмыс ұсынылған болатын. Сол жерде садақ үйірмесін ашуына болады. Бірақ ол қосымша болғандықтан оның табысы аз. Оның үстіне арнАйы жабдықталмаған. Осындай себептерге байланысты ол кісі ұсыныстан бас тартты. Жалпы садақшылар үшін облыста арнайы жасақталған дайындық орыны жоқ.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу