Тәуелсіздік алғалы кәсіпкерлік сала қарқынды дамыды. Әсіресе соңғы 20 жылда бизнес өкілдерінің саны 7 есеге өсті. Мәселен, 2000 жылдардың басында елде небәрі 200 мың кәсіпкерлік субьект болса, биыл оның саны 1 млн 300 мыңға жеткен. Раушан Сайлауқызы толығырақ.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Бұрын мынадай тастарды тек қоғамдық орындардан көруші ек. Қазір әр баспананың да сәніне айналып бара жатыр. Бір қуантарлығы бұлар сұранысқа сай қолжетімді. Себебі мұның бәрі өзге емес өз елімізде өндіріледі.
Тастан да табыс табуға болады. Бұған Қымбат Әлкенқызының бастамасы дәлел. Осыдан 20 жыл бұрын елорда енді бой көтергенде бизнесін бастады. Мәрмәр тастан материал жасауды қолға алды. Мемлекеттен несие алып, кәсібін кеңейтті. Қазір табиғи таза өнімдер қала ғимараттарының көркіне айналып үлгерді. Алып компания шетелдік нарықты бағындырып келеді.
Қымбат Арслан, жеке кәсіпкер:
Мен кәсіп бастағанда елорда енді салынып жатты. Қызу тірлік, қарбалас өмір еді. Қиындықтар болды әрине, бірақ біз еңсердік. Қазір мәрмәрдің 360-қа жуық түрін шығарамыз. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы, тәуелсіздік арқасы деп білемін. Әсіресе, кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсететін «Даму» қорына алғысым шексіз.
Мына кәсіпорын - тәуелсіздікпен шамалас. 1994 жылы іргесі қаланды. Алғашында ұннан бір тонна өнім шығаратын, қазір 20-тоннаны алыс жақын аймақтарға таратады. Бұдан бөлек, кондитерлік және макарон цехтары да жұмыс істеп тұр.
Айтжан Сауғабаев, фирма директоры:
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 2-3 жылдан кейін бастадық. Әрине көптеген қиындықтар болды. Тәуелсіздіктің арқасында әрине осындай жетістіктерге жеттік. Біздің завод Қазақстанда тек қана біреу. Осындай бүкіл барлық жағдайы туғызылған завод бізден басқа ешқандай облыста жоқ.
Елімізде мұндай кәсіпкерлік субьектілер саны 1 млн 300 мыңнан асады. Басым бөлігі сауда саттық және қызмет көрсету саласы. Ал елде өндірілетін отандық тауарлар 100-ден астам елге экспортталады. Кәсіп иелері елді өніммен ғана емес, 4 жарым млн тұрғынды жұмыспен де қамтып отыр. Салаға серпін берген – мемлекеттің бағдарламалардың үлесі айрықша. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты 10 шақты жобаны ерекше атауға болады.
Нариман Әбілшайықов, «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының бірінші орынбасары:
2000 жылы шағын және орта кәсіптің экономикадағы үлесі 10 пайыздан асқан жоқ. Қазіргі таңда 34 пайызды құрып отыр. Үкімет тарапынан көп бағдарлама іске асып жатыр. 10-шақты бағдарлама бар.
Пандемия - әсіресе, шағын кәсіпкерлікті шатқаяқтатып тастағаны жасырын емес. Десе де бизнес өкілдері заман ағымына сай бейімделуді біледі. Былтырдан бері кәсіптің жаңа түрі - онлайн сауда қыза бастады. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы сауда көлемі 98 пайызға артқан.
Раушан Сайлауқызы